Әлем бойынша инфляция деңгейіне болжам айтылды
Германия Жапонияны басып озып, әлемнің үшінші экономикасына айналды.
Былтыр немістердің жалпы ішкі өнімі 4 жарым триллион долларға жеткен. Енді бұл көрсеткіш бойынша ол АҚШ және Қытаймен бірге алғашқы үштікке еніп отыр. Жапонияда былтыр ұлттық валюта - иена күрт құлдырады. Ол аздай биыл ішкі сұраныс төмендеуде. Оған жыл басында болған жер сілкінісі қосылды. Мұның бәрі алғашқы тоқсанда экономиканың дамуын баяулатқан. Бұдан бөлек демографиялық дағдарыс та әсер етуде. Жапонияда қарт кісі көп. Тиісінше жұмыс күшінің тапшылығы туындаған. Сондықтан билік реформалар жүргізіп, жұмыс істейтін әйелдердің үлесін арттыруға ден қойып отыр.
Ағылшын экономикасы тұралап тұр
Ұлыбританияда да жағдай мәз емес. Өткен жылдың төртінші тоқсанында жалпы ішкі өнім қысқарды. Бұл екі тоқсан қатарынан қайталанғандықтан ел экономикасы техникалық рецессияға ұшырады. Әсіресе қызмет көрсету, өндіріс пен құрылыстағы ахуал күрделі. Сарапшылар мұның бәрі биыл өтетін жалпы сайлаудың нәтижесіне әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Өйткені қазір билік басындағы консерваторлар халықты экономикалық өсім болады деп сендірген. Бірақ сауалнама нәтижелері тұрғындардың бұл мәселеде лейбористерге көп үміт артатынын көрсетіп отыр.
Мамандар болжамы бұлыңғыр
Көпшілікті әлем елдерінде болып жатқан жағдай экономикаға қалай әсер етеді деген сұрақ мазалайды. Халықаралық валюта қорының өкілдері бұған қатысты былай дейді. Олар биыл жаһандық инфляция төмендейтінін болжайды. Былтыр көрсеткіш 6,8 пайыз болған. Биыл меже 5,8 процентке дейін кемуі тиіс. Бірақ мамандар ахуалдың оңалуына кері әсер ететін қауіп-қатердің барын жасырмайды. Бұл әлемдегі геосаяси ахуал. Өйткені мұның бәрі тауар тасымалын қиындатады. Салдарынан логистикалық шығындар артып, баға өсетіні түсінікті. Соның бір мысалы қазір Қызыл теңізде жалғасып жатқан текетірес. Соның кесірінен сарапшылар биыл шай мен шоколад қымбаттайтынын болжайды.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева