Ауғанстан көрші мемлекеттердің қолдауына мұқтаж
Іргелес елдер көмек қолын созбаса, ауған жерінде бейбітшілік пен тұрақтылық ешқашан орнамайды.
Бішкекте бас қосқан қауіпсіздік кеңесі хатшылары осындай байламға келді. Аймақтық жиын биыл 6-шы рет өтті.
Ауғанстанға арналған жиын Бішкекте алғаш рет өтті. Оған Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Қытай мен Үндістаннан өкілдер келген. Қазақстандық делегацияны Мемлекет басшысының көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов бастап барды. Президент Садыр Жапаров ортақ мүддеге бірігудің маңызды екендігін атап өтті.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
- Біз Ауғанстанда қордаланып, мемлекеттің аяқтан тұруына және жергілікті халыққа бейбітшілік әкелуге кедергі жасап тұрған қалған ауыртпашылықтарды тезірек еңсеру қажеттігін қолдаймыз.
Ауғанстандағы жағдайды реттеу - аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі. Бұл халықаралық деңгейдегі мәселе. Бірінші кезекте әбден әлсіреген ауған экономикасының аузына су тамызу қажет. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, 40 миллион ауған азаматтарының 30 пайызы азық-түлікке мұқтаж. 3 миллион тұрғын күнін көре алмай жүр.
Марат Иманқұлов, Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:
- Ауғанстанды қазір белгісіздік жайлап алған. Бұл теріс үрдістің әлі бірнеше жылға созылатын түрі бар. Ахуалды өзгерту үшін бағыт-бағдар мен іс-шараларды үйлестірген жөн. Бүгінгі жиынға қатысушылар Ауғанстанда әскери-лаңкестік сипатта дүмпулер болғанын қаламайды.
Бұл жолғы бір міндет - Ауғанстан мәселесіне арналған жиынның халырақалық маңызын күшейту болды. Осыған орай келесі бас қосуды Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінің аясында өткізу жоспары құрылған.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Бақыт Чермашев