Мұнай өндіретін жаңа ел пайда болды

ОПЕК болжамы бойынша 2024 жылы мұнайға деген әлемдік сұраныс күніне 2 миллион 250 мың баррельге артады.

Ал келер жылғы сұраныс тағы 1 миллион 850 мың баррельге ұлғайып, жалпы 106 миллионға жетпек. ОПЕК биылғы өсімге әуе және көлік тасымалы, сондай-ақ өнеркәсіптегі белсенділіктің оң әсер ететінін айтады. Әлемдік мұнай өндірісінде тағы қандай өзгеріс бар немесе болуы мүмкін?

2024 – әлемдік мұнай өндірісі үшін өзгеше жыл. Өйткені «қара алтын» өндіруді шектеу мерзімі биылғы бірінші тоқсанда аяқталады. Яғни жаңа келісім қажет.

Араб елдері алдағы жасалатын құжат талаптарын қазірден талқылап жатыр. Олар: «Мұнай өндірісін шектеуді ерікті емес, міндетті қылу керек», - дейді. 4 жыл бұрын әлемді коронавирус жайлаған кезде «қара алтын» шамадан тыс өндіріліп, соңы дағдарысқа әкелген еді. Сол кезде мұнай өндіруші мемлекеттер өндірісті шектеу туралы алғаш рет келісімге келді.

 

Батыста мұнай азайды

Халықаралық энергетика агенттігі Батыс елдеріндегі қоймада мұнайдың азайғанын жариялады. Бұл өз кезегінде «қара алтынның» қымбаттауына әкелуі мүмкін. Өндіріске геосаяси қақтығыстар себеп. Мәселен, Қара теңіздегі хуситтердің сауда кемелеріне жасаған шабуылы құрлықтағы шикізат көлемін 40 миллион баррельге кеміткен. Желтоқсанда мұнай қоры 20 миллион баррельге көп еді. Азайған 40 миллионның 24 миллионы Еуропа, АҚШ, Австралия мен Жаңа Зеландияға тиесілі. Сондай-ақ су арқылы тасымалданатын «қара алтынның» біраз бөлігі Батыс елдерінің санкциясына ұшыраған Иран мен Венесуэланыкі. Оны көп жағдайда Қытай сатып алып отыр.

 

Үндістан мұнай импортында көш бастайды

Алдағы 10 жылда Үндістан мұнай тұтыну бойынша көшбасшы елге айналуы мүмкін. Халықаралық энергетика агенттігінің есептеуінше, 2030 жылға дейін үнді еліне күніне 1 миллион 200 мың баррель «қара алтын» қажет болмақ. Осылайша, сұраныс 6,6 миллион баррельге жеткелі тұр. Бұл – әлемдік сұраныстың 30%-і. Бүгінде Үндістан мұнай импортының көлемі бойынша  Қытай мен АҚШ-тан кейін үшінші орында тұр.

«Үндістанда өнеркәсіп көлемі ерекше артып отыр. Осыған орай мұнай өнімдеріне деген қажеттілік өсіп келеді. Әуекеросинге сұраныс жылда 5,9% көлемінде болмақ. Ал жанармайға сұраныс орташа есеппен 0,7%-ке жетеді». Халықаралық энергетика агенттігінің есебі

 

Мұнай өндіретін жаңа ел пайда болды

Әлемде мұнай өндіретін тағы бір ел пайда болды. Жыл аяғына дейін Сомали алғаш рет «қара алтынын» нарыққа шығарғалы отыр. Шикізатты игеру бойынша америкалық компаниямен келісімшарт жасалған. Геосейсмикалық зерттеу Сомали жерінде көлемі 30 миллиард баррельге жететін мұнай мен табиғи газдың барын көрсетті.

«Сомали биылғы жылдың аяғына қарай алғаш рет мұнай өндіре бастайды. Шикізатты барлау жұмысы 7 теңіз блогында жүргізілді. Негізі мұнай кенішін игеру бойынша келісімшартқа 2 жыл бұрын қол қойылған», – деді Әбдіризақ Оман Мұхаммед, Сомалидің мұнай министрі.

Сарапшылар қазіргі кезеңде әлемдік мұнай нарығын белгісіздік құрсаулап тұрғанын айтады. Инвесторлар ОПЕК пен Халықаралық энергетика агенттігінің ай сайын жариялайтын жаңа есебі мен болжам-ұсыныстарын күтіп отыр.