Қытайда Ұлттық қысқы ойындар уақытша тоқтатылды
Қытайда үскірік аяз бен бұрқасын күннен-күнге үдеп барады.
Салдарынан елдегі ең ірі спорттық іс-шара саналатын Ұлттық қысқы ойындар тоқтатылды. Ауа райының қолайсыздығы ел ішіндегі барыс-келісті қиындатып жіберді. Мыңдаған жолаушы жолда қалды.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайдың солтүстік бөлігінде аяз қысып тұр. Қалыптасқан жағдайға байланысты Қытай Халық Республикасының Төтенше жағдайларды басқару жөніндегі министрлігі арнайы «Шұғыл әрекет ету» режимін іске қосты. Бұрқасын салдарынан қауіп күшейді. Кейбір жерде ауа температурасы -50 градустан асты. Елде өтіп жатқан 14-ші Ұлттық қысқы ойындарды уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.
Биыл жарыс Ішкі Моңғолияда ұйымдастырылған. Айта кету керек, бұл Қытай елінің ең ірі спорттық шараларының бірі. Оған республиканың түкпір-түкпірінен 4 мыңға жуық спортшы қатысып жатыр. Қысқы ойындар 17-27 ақпан аралығында өткізу жоспарланған. Алайда ұйтқыған желдің күші секундына 18-20 метрге дейін жетіп аязды күшейтіп жіберді.
Чжао Фэй, метеорологиялық қызметтің бас синоптигі:
- Ауа райы құбылып тұр. Антициклон бағытын бақылап сағат сайын есеп беріп отырмыз. Бұл аймақта дәл қазіргі жағдайда жарыс өткізу аса қауіпті. Елдің солтүстігінде желдің екпіні бірнеше есе артып, алдағы күндері аяз күшейеді. Кейбір аймақтарға қалың қар жауады деп күтілуде.
Кеше 8 провинцияда жолдар жабылған еді, бүгін оның саны 18-ге жетті. Мыңдаған жолаушы әуежайлар мен теміржол вокзалдарында күтуге мәжбүр. Жолаушылар легінің көптігі соншалық жол ақысын төлейтін станциялар жұмысын тоқтатты. Басым көпшілігі Көктем мерекесінен кейін жұмыс орындары мен үйлеріне асыққандар. Гуанчжоу теміржол бюросының мәліметіне сәйкес сәрсенбі мен жұма күндері аралығында 56 жолаушылар пойызы мүлдем тоқтатылады. Бұл пойыздардың басым көпшілігі Аньхой, Хэнань және Хубэй профинициялары арқылы өтеді.
Чжан Лэй, Шицзячуан теміржол вокзалының қызметкері:
- Пойыздардың қозғалыс кестесі бұзылды. Жолаушылардың күтуден басқа амалы жоқ. Вокзал лық толды. Міне, мына залдың өзінде екі мыңға жуық адам бар. Сыртта күн суық, күту залдарын жылумен қамтуға күш салып жатырмыз. Қосымша қызметшілер тартылды.
Теңіз порттарында дауылды ескерту беріліп кемелердің қозғалысы қатаң бақылауға алынды. Қауіптің алдын алу мақсатында 39 бағыт бойынша жолаушы тасымалдаушы лайнер, 400-ден астам су көлігі жағаға шықты.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Бейжіңде де жағдай мәз емес. Халықаралық әуежайда 109 рейс кейінге қалдырылды. Қытай метеорологиялық басқармасы тұман, жел, қар, аязға қатысты алтыншы деңгейлі дабылды ескерту жариялады. Көрші елге тауар алуға, демалуға немесе саяхаттауға келем деушілер болса осы ақпарды қаперге алғайсыздар!
Авторы: Руслан Бақытбекұлы