Қазақ жастары халықаралық жобаға қатысуда. LIVE
Біріккен Араб Әмірліктерінде білім алып жатқан қазақ студенттері бірегей жобаға қатысып, бақтарын сынауда.
Абу Дабидегі сайыс осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Биылғы халықаралық жоба, тұрақты даму тақырыбына арналған.
Біз қазір Абу Дабидегі Лувр мұражайында тұрмыз. Бұл жерде University Take Over the Museum деп аталатын шара өтіп жатыр. Осы әмірліктерде білім алатын жасы 25-ке дейінгі студенттер өздері дайындаған жобаларын таныстырып жатыр. Жалпы, мұражайдың осы елдегі университеттермен бірлесіп ұйымдастырған жобасының түпкі мақсаты – адамзат баласын, оның ішінде жас буын назарын әлемдегі тұрақты даму мәселесін шешуге аударту. Атап айтқанда, экологиялық сауаттылықты арттыру, ресурстарды сарқылтпай, даму мен танудағы тепе-теңдікті сақтауды насихаттау. Бұл әсіресе жер бетінде халық санының өсуі, елдердің индустриалды дамуы, табиғат ресурстарын есепсіз қолданудың салдары көрініп жатқан қазіргі кезде өте өзекті мәселе екендігі түсінікті. Жалпы, бүгін Лувр музейіне бірнеше кезең іріктеуінен өткен 13 жоба қойылған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, олардың әрқайсысы әртүрлі. Бірі ұлттық киімдермен байланыстырса, енді бірі сөздерді арнайы бағдарламалар арқылы сурет ретінде салып көрсетіп жатыр. Осы әр алуан жобалардың ішінде қазақстандық жастар әзірлеген Giving Plants a Voice, яғни өсімдіктерге дауыс беру деген жоба ерекше көзге түсті. Қысқаша айтсақ, мультисенсорлық тәсіл арқылы өсімдіктердің сіз бен біз ести алмайтын дыбыстарынан ақпарат алғандай болып отыр. Оны қазақстандық Томирис Досқожина, Жания Көрпебаева, Әмина Көбеновалар дайындаған.
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- Күніне бұл әйгілі мұражайға 10 мыңға жуық турист арнайы келеді екен. Лувр қонақтары танымал шедеврлермен бірге осындай қызықты жоба-көрмелерді бірге тамашалап, студенттердің шығармашылық қабілетіне, инновациясы мен креативіне куә болады.