Испанияда артистер тоқырау кезеңін бастан өткеріп жатыр
Он артистің алтауы кедейлік шегінде өмір сүреді.
Испанияның Каталония аймағындағы артистердің 65 пайызының айлығы елдегі ең төменгі жалақымен бірдей болып шыққан. Бұл туралы мемлекеттік деңгейде жасалған әлеуметтік және еңбек қорының есебінде айтылады.
Жиырма жылдық еңбек өтілі бар Солана Бургос - Барселонадағы Каталония ұлттық театрының негізгі құрамдағы бишісі. Жылдық жалақысы елдегі ең төменгі жалақыдан небәрі екі-үш пайызға артық. 2024 жылы Испаниядағы минималды айлық 1300 еуро көлемінде бекітілген. Жалақысының аздығынан театр қызметкері негізгі жұмыстан тыс қосымша қаражат көзін іздестіруге мәжбүр.
Солана Бургос, балет бишісі:
- Соңғы бір жылда қосымша қаражат көзі ретінде би сабақтарын өткізуді қолға алдым. Каталония аймағындағы артистердің айлығы өте мардымсыз. Жалақыға қатысты өнер құрамы кәсіподақ ұйымдарына үнемі шағым түсіреді, алайда нәтиже жоқ.
Солананың сөзін AISGE қоғамдық қоры растап отыр. Бұл қор мемлекеттік деңгейде әртістердің еңбек есебін сараптау және зияткерлік меншік құқығын қадағалаумен айналысады. Қордың зерттеуінде Каталониялағы он артистің алтауы кедейлік шегінде өмір сүретіні айтылған. Өз мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмай жүргендердердің үлесі жыл сайын ұлғайып келеді.
Сержи Матеу, AISGE қорының Каталониядағы өкілі:
- Бұл салада сәттілікке жету қиын, тұрақты жұмысқа орналассаң да айлықта өсім жоқ. Тағы бір әділетсіздікті байқадым - өнер саласындағы ер мен әйел адамның жалақыдағы айырмашылығы қырық пайызға дейін барады екен.
Жалпы алғанда испандық әртістердің 8 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр. Жұмыспен қамту жағдайы, әсіресе, соңғы үш жылда қатты нашарлаған. Сондықтан өнер саласы қызметкерлерінің 46 проценті қосымша басқа мамандықты жағалап жүр. Артистердің құқығын қорғайтын кәсіподақ ұйымдары мемлекеттен арнайы субсидия сұрап отыр. Субсидиямен қатар мекеме мен артист арасындағы еңбек келіссөзі қазіргідей қысқа мерзім емес кем дегенде үш жылға жасалауы тиіс, дейді мамандар.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач