Британия мектептерінде телефон қолдануға тыйым салынды

Англия оқушыларына мектепте ұялы телефон пайдалануға тыйым салынды.

Жаңа ережеге сәйкес тәртіпке бағынбағандардың смартфондары тәркіленеді. Білім министрінің пікірінше, оқушылар енді сабақ кезінде гаджеттерге алаңдамайды және тәртібі мен мінез-құлқы жақсарады.

Білім министрлігі Англия мектептерінде ұялы телефон ұстауға тосқауыл қойды. Бірақ тыйымның заңнамалық сипаты жоқ. Директорларға тек арнайы нұсқаулық жіберілді. Смартфонарды үйде қалдыру керек пе әлде уақытша қоятын орын бола ма, оны мектеп басшылығы шешеді.

Кәусар Ғалымжанқызы, Элизабет Гаррет Андерсон атындағы мектептің оқушысы:

- Мен өзім Қазақстаннанмын. Ата-анам Лондонда уақытша жұмыс істеп жатыр. Біз мектепте осындай шүберек қалтаға телефонымызды саламыз. Ол құлыптанады. Тек ғана апайымыз сабақтан кейін ашып береді.

Онлайн платформаларды бақылаумен айналысатын Ofcom компаниясының мәліметтерінше, 12 жасқа дейінгі балалардың 97 пайызында смартфон бар. Бұл оқушының ойын бөліп ғана қоймай, кибербуллингке ұшыратып, әлеуметтік теңсіздік туғызуы мүмкін. Білім министрі мектеп директорларымен кеңесіп, мәселеге нүкте қойды.

Джиллиан Киган, Ұлыбритания білім министрі:

- Балалар мектепке оқуға, достық қарым-қатынас орнатуға барады. Адамдармен араласуды үйренеді. Олар үнемі ұялы телефонда отырмауы керек. Хабарлама жіберіп, хат алмасудың орнына қатарластарымен әңгімелессін.

Сондай-ақ зиянды контенттің балаларға қолжетімді болғаны көпшілікті алаңдатады. Марқұм Брианнаның анасы Эстер Джай технологиялық компанияларды жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге кіруіне тыйым салуға шақырды. Оның қызы кибербуллингтің құрбаны. Саябақта құрдастары Брианнаны пышақтап тастаған. Қылмыскерлер аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін 20 жылға сотталды.

Эстер Джай, қайтыс болған жасөспірімнің анасы:

- Мен технологиялық компанияларды өскелең ұрпақтың жағдайын ойлап, болашағына аса жауапкершілікпен қарауға шақырар едім. Олардан 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге кіруге тосқауыл қоятын ұялы телефондар шығаруды сұраймын. Менің қызымды о дүниелік еткендер қылмысқа бармас бұрын зорлық-зомбылық жасауды дәл сол жерде үйренген.

13 беттен тұратын нұсқаулықта мектеп мұғалімдеріне де смартфон ұстауға тосқауыл қойылған. Егер жұмысына аса қажет болмаса. Ата-аналар оқушылармен тікелей телефон арқылы емес, мектеп кеңсесі арқылы байланысуы керек. Қоғам белсенділері бұл бастаманың берері аз деп есептейді. Өйткені мұндай тыйым бұрыннан болған.

Джефф Бартон, мектеп және колледж басшылары қауымдастығының бас хатшысы:

- Балалар телефонды көбіне мектеп тыс уақытта пайдаланады. Көптеген оқу орындарында смартфондарға тосқауыл бұрыннан қойылған. Білім беру саласындағы басқа мәселелермен бас қатыру керек.

Ұлыбританияда смартфонға оқудан тыс уақытта да толық тыйым салынған мектептер бар. Мұғалімдердің, ата-аналардың және оқушылардың айтуынша, бұл өте тиімді әдіс. Көбіне телефон қауіпсіздіктің кепілі бола бермейді, керісінше интернеттегі зиянды контентке жол ашып, әлеуметтік теңсіздікке алып келеді, дейді сарапшылар.

Ғалымжан Қараманұлы