Әлемде ауаның ластануы артты

Әлемде қоршаған ортаның ластануынан жыл сайын 9 миллион адам көз жұмады.

Ғалымдардың жаңа зерттеуі осыны көрсетіп отыр. Ауаның ластануы адам денсаулығына қауіпті әрі экономикаға да орасан зор шығын келтіреді. Мысалы, осы мәселеден 2018-ші жылы Еуропа елдеріне 193 миллиард еуро шығын келген. 

Әлемде атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшері рекордтық көрсеткішке жетті. Оған климаттың өзгеруі себеп. Өйткені былтыр көп елді қуаңшылық жайлады. Осының салдарынан су станциялары арқылы электр энергиясын өндіру қиындап, кей елдер қазбалы отындарды қайта көптеп қолдана бастады. Қытайдың коронавирустан кейін өз экономикасын қалпына келтірудегі әрекеттері де экологиялық ахуалға кері әсер еткен. Көрші елде былтыр ауаға бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшері 5 пайызға артты. Бірақ АҚШ-та бұл көрсеткіш 4 процентке азайса, ЕуроОдақ жаңартылатын энергия көздерінің көбейте отырып оны 9 пайызға төмендете алды.  

Әуежайлардан да ауаға зиян көп

Ауаның ластануына авиация саласының да әсері бар. Былтыр әлемдегі ең ірі 20 әуежай атмосфераға 231 миллион тонна көмірқышқыл газын бөлген. Бұл 58 көмір электр станциясы не 31 миллион жеңіл көліктің ауаға шығаратын зиянды қалдықтарымен пара-пар. Оу-Ди-Ай британдық сараптамалық орталығының зерттеуіне қарағанда, әуежайлардың ішінде ауаның ең көп ластайтын Дубайдағы әуе айлағы екен. Антирейтингке Майндағы Франкфурт, Париж, Амстердам, Лондон әуежайлары да кірген. Мәселеге қатысты еуропалық елдердің билігі азаматтарын жақын қалаларға ұшақтың орнына пойызбен жүруге шақыра бастады. Испанияда бастама кеңінен талқыланып жатыр. Үкімет пойызбен екі жарым сағаттың ішінде жететін мекендерге ұшақпен қатынауға тыйым салу көздеп отыр. Бұл атмосфераға таралатын зиянды заттардың мөлшерін 10 пайызға азайтуға мүмкіндік бермек. 

Данияда су қорының көбі ластанған

Ал Дания жұртын судың ластануы алаңдатып отыр. Елдің бес өңірінде тіршілік нәрі қорының жартысынан көбінен пестицидтер мен улы заттар табылған. Оларды әдетте фермерлер өз алқаптарын зиянкестерден қорғау үшін қолданады. Бірақ олар көп ұзамай таза су қоймаларынан табылып жатады. Сарапшылар бұл бара бара тіршілік нәрінің тапшылығын тіптен ушықтырып жіберуі мүмкін деп отыр. 

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева