Газаның солтүстігінде ахуал ушықты
Ауруханаларда балаларға орын тапшы, емдеу үшін медициналық препарат жетіспейді.
Азық-түлік те аздық етеді. Дәрігерлер балалардың тойып тамақ ішпеуі түрлі ауруға әкеп соғуы мүмкін дейді. Ал шала туған шақалақтар бір инкубаторды бөлісуге мәжбүр. ДДСҰ-ның мәліметінше 5 жасқа дейінгі балалардың 0,8 пайызы дұрыс тамақтанбаудың кесірінен қатты зардап шегіп отыр. Ал халықтың ширегі, яғни 500 мыңнан астам тұрғын аштыққа ұшыраған.
Имад Дардона, балалар дәрігері:
- Ашқұрсақ жүру балалар арасында өлім санын арттыруда. Әр бала күніне 3 мезгіл тамақтануы тиіс, бірақ мұнда олар тәулігіне бір рет ас тұтынғанына тәубе етеді. Дұрыс тамақтанбау ағзада дәрумен жеткіліксіздігін туғызады. Мұның соңы гепатит, өкпе, қан инфекцияларына шалдықтыруы мүмкін.
Гуманитарлық көмек келе бастады
Халықаралық агенттіктер Газа аймағына гуманитарлық көмек жөнелте бастады. БҰҰ-ның мәліметінше, Израиль тарапы ауруханада емделіп жатқан 200-ге жуық адамға оқ жаудырған. Халықаралық қауымдастықтар Израильдің шабуылынан кейін әуе жолымен парашют арқылы азық-түлік жеткізуге кірісті. АҚШ Президенті Джо Байден жүк жеткізудің қиындығына қарамастан амалын тауып, аймаққа қалайда көмек кіргізетінін мәлімдеді.