Әлемде семіз адамдар саны 1 млрд-тан асты

4 наурыз – Халықаралық семіздікпен күрес күні.

Әлемде қазір артық салмақты адам саны 1 миллиардтан асып кеткен. Яғни жер бетіндегі әр 8-інші тұрғынның жүрегін май басқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінше, 1990 жылдан бері толық ересектер қатары 2 есе өскен. Ал бұл көрсеткіш балалар арасында 4 есе ұлғайған.

Семіз адамдар саны 1 млрд-тан асты

Кейінгі кездері семіздік індетке айналғандай. Өйткені жыл сайын әлемде артық салмақ салдарынан 2 миллион 800 мыңдай адам көз жұмады екен. Дәрігерлер толықтықты анықтау үшін адамның салмағын бойына қатысты есептеп, масса индексін шығарады. Ол 25 %-тен асса, артық салмақ бар деген сөз. Ал 30 %-ке жетсе, семіздік зардабына ұрынған деп есептеледі.

Францеско Бранка, ДДСҰ Тамақ қауіпсіздігі департаментінің директоры:

- Кейінгі 30 жылда семіздік індет сияқты тез таралып жатыр. Бұл көрсеткіш әсіресе АҚШ, Қытай, сондай-ақ Тынық мұхиты және Оңтүстік Америка елдерінде өте жоғары. Мұның басты себебі тамақтануға байланысты. Қайта өңделетін тағам түрлері шамадан тыс көбейген. Оларда май, қант және тұз өте көп мөлшерде кездеседі. Әрі өте арзанға сатылады. Ал денсаулыққа пайдалы дұрыс тамақтың бағасы удай.

 

Америкалықтардың 42 % артық салмақ қосқан   

Семіздіктің досы – фаст-фуд. Яғни жылдам дайындалатын, түрлі дәмді қоспалары бар, тез желінетін тағам түрлері. Әлемде бургерлердің «отаны» АҚШ деп саналады. Сондықтан америкалықтардың 42 %-і семіздік індетіне шалдыққан. Дәрігерлер толық адамдардың жартысы екінші типтегі қант диабетімен ауыратынын айтады.

Крис Тейлор, Огайо университеті диетология бөлімінің басшысы:

- Жақында біз америкалықтардың тамақ рационын арнайы зерттеп шықтық. АҚШ-тың көптеген азаматтары күні бойы калориясы жоғары тағамдар жейді екен. Олар қоректенуге келгенде өзін ұстай алмайды. Салмағының тез өсіп кеткенін аңғармай да қалады.

 

Орталық Азияда семіздік деңгейі жоғары  

Семіздіктің біздің аймаққа да қатысы бар. Орталық Азияда артық салмақтан ересек тұрғындардың шамамен 66 %, ал балалардың 33 %-і зардап шегеді. Мұны да анықтаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы. Әсіресе Қырғызстандағы жағдай алаңдатарлық деңгейде екен. Айырқалпақты ағайында балалар арасындағы семіздік 40 %-ке жеткен. Бұл көрсеткіш біздің елде тіпті қорқынышты. Қазақстандағы балалардың жартысы толықтыққа душар болған. Кейінгі 7 жылда 8 жастағы ұлдар арасындағы семіздік 24 %-ке өскен. Мамандар мұны гаджеттермен байланыстырады. Артық салмақ жүйкеге де салмақ түсіреді.

Жанин Алесси, эндокринолог:

- Жастар мен балалардың арасындағы семіздік аса қауіпті. Денесі толған жеткіншектердің психикасы бұзыла бастайды. Олар өзін, денесін жек көреді. Бұл стресс пен депрессияға әкеледі.

«Ауруды сұрап алмайды» деген сөз бар. Ал семіздікті адам өзі сұрап алатын сияқты. Бұған қай кезеңде теріс және артық тамақ кінәлі. Мамандар: «Заманға сай гаджеттердің де толық болуға үлесі бар», – дейді. Қазірден қамданбаса болмайды. Өйткені Семіздікпен күрес жөніндегі дүниежүзілік федерация: «2035 жылға қарай әлем халқының жартысынан астамының салмағы шамадан тыс арту қаупі бар», – дейді.