PDAC-2024: Қазақстан павильоны ашылды
Торонто қаласында тау-кен өнеркәсібіндегі ең ірі көрме ашылды.
Жиын осы саладағы жетекші компания өкілдерінің, үздік сарапшылар мен инвесторлардың басын біріктірді. Қазақстан павильонын ресми ашуға Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қатысты.
Алғаш рет PDAC конференциясы 1932 жылы өткізілді. Содан бері оның көлемі де, ықпалы да артты. Бүгінде бұл тау-кен саласындағы жетекші іс-шара. Көрме жыл сайын түрлі марапаттарға ие. Оған 130 елден 30 мыңға жуық адам қатысады. Қазақстан бұл шараға осымен екінші жыл қатарынан қатысып келеді.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Біз үшін бұл өте маңызды іс-шара, өйткені тау-кен индустриясындағы көптеген инвесторлармен бір жерде кездесуге мүмкіндік береді. Қазақстанға деген қызығушылықтың зор болуы біріншіден, еліміз 2023 жылы 1.5 миллион шаршы шақырымнан астам үлкен территорияны геологиялық барлау үшін ашты. Екіншіден біз ірі компаниялармен бірлесіп жұмыс істеп, бүгінде жемісін көре бастадық. 2022-ші жылдың қорытындысы бойынша жеке геологиялық барлауға бағытталған инвестиция 250 млн долларға жетті. 2023-ші жыл қорытындысы шыққанда бұл нәтиже одан да жоғары болады.
Қазақстанның Ұлттық павильонында ERG, «Тау-Кен Самұрық», «Қазақмыс», «GreyWolf» және «KazakhGeology» сияқты жетекші қазақстандық компаниялардың озық жетістіктері мен жобалары ұсынылды. Экспозиция еліміздің тау-кен өнеркәсібі саласындағы инновациялық әлеуеті мен мүмкіндіктерін көрсетеді. Сонымен қатар қазақстандық нарықтың халықаралық ынтымақтастық пен жаңа технологияларға ашықтығына назар аудартады. Қазақстан әлем үшін маңызды болып табылатын критикалық материалдар өндіретін ең ірі ел, сондықтан инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Қазірдің өзінде инвестициялар келіп жатыр. Мысалға, ВНР әлемдегі ең үлкен тау-кен өнеркәсібі қазір Қазақстанда геологиялық барлау жүргізетін екі компанияға инвестициялады. Tech Resources та Қазақстанда геологиялық барлау жүргізетін компанияға инвестиция бөлді. Біз үшін бастысы геологиялық жұмыстардың жалғасып, біздің жаңа канадалық әріптестермен жаңа кен орындарды табу.
Министр басқа да тау-кен саласындағы жетекші елдердің экспозицияларымен көріп, соңғы жетістіктермен танысты. Сондай-ақ бірлескен жобаларға өзара қызығушылық пен әлеуетті атап өтті. Қазақстандық делегация жұмыс сапары аясында тау-кен өндірісіндегі канадалық және халықаралық компаниялармен екі жақты кездесулері жоспарланған.
Авторы: Айжан Сыдықова