Әлемдік халал нарығы $5 триллионнан асты

Халалға Еуропа да назар аудара бастады.

Ұлыбритания Ұлттық статистика басқармасының мәліметіне сүйенсек, Біріккен Корольдіктегі Ислам дінін ұстанушылар қатары 4 миллионға жуықтаған.

Осыған байланысты, Британияның Халал мониторинг комитеті былтыр айына 104 миллион тауықтың сойылғанын және олардың 20%-і халал стандартқа сай екенін есептеп шығарған.

Халал стандарт тағам саласына ғана емес, косметика кәсібіне де дендеп еніп жатыр.

Ғаламда халал опа-далап нарығы 2026 жылға қарай 22 миллиард доллардан асуы мүмкін. Бұған халықаралық Ocean Market зерттеу орталығының сараптамасы дәлел.

Халалды реттейтін халықаралық ұйымдар

Әлемде халал өнімдерді тіркеп, жүйесін реттейтін бірнеше ұйым бар. Соның бірі – Халал бойынша дүниежүзілік қор. Штаб-пәтері Германияның Мальц қаласында. Бұлардың түпкі мақсаты – осы мекемені Біріккен Ұлттар Ұйымына тіркетіп, халал тағам түрлерінің дүниежүзіне ортақ стандартын дайындау.

Тағы бір ұйым, Халал бойынша дүниежүзілік кеңес 1999 жылы Индонезия астанасы Джакартада құрылды. Алғашқы халал стандарттарды осы мекеме әзірлеген. Оған бүгінде 25 ел мүше.

Жалпы әлемде халал тағамға арнайы куәлік берген алғашқы ел – Малайзия. Бұл мемлекетте үкімет жанынан құрылған Ислам дамуы департаменті халал тағам түрлерін зерттеп, үнемі қадағалап отырады. Халқының 60%-ін мұсылмандар құрайтын Малайзияда халал сертификат алу жергілікті және халықаралық компанияларға артықшылық береді.

 

Әлемдік халал нарығы $5 триллионнан асты

Сапа мамандарының пікірінше, халал өнімге деген сұраныстың артуы мұсылмандардың көбеюімен ғана байланысты емес. Бұл жерде тауардың адал жолмен өндірілгені, денсаулық үшін зиянсыз болуы да маңызға ие. Сондықтан діні басқа немесе құдайсыз болса да, халал өнімнің тұтынушысына айналғандардың қатары үздіксіз өсіп жатыр.

Сертификатталған халал өнімдер мен қызмет көрсетуге сұраныс артып келеді. Өйткені бұл өнім таза және денсаулық үшін пайдалы. Оған көбіне мұсылмандар басымдық береді. Бүгінде әлемдік халал өнімдер нарығы 5 трлн долларға жетті. Халал стандартты тамақтану, туризм, косметика және қаржы саласынан көптеп кездестіруге болады, – Тайип Режеп Ердоған, Түркия президенті.

 

Еуропада халал өнімге сұраныс жоғары

Еуропада халал тамақ нарығы жыл санап кеңейіп келеді. АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының есебі бойынша «кәрі құрлықта» халал өнімдер нарығының биылғы көлемі 15 миллиард 480 миллион долларды қамтиды. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 20 миллиард доллардан асады деген болжам бар. Сонда кейінгі 5 жылдағы өсім 5 есе артпақ.

 

Мұсылман көбейсе, адал өнімге сұраныс артады

Мұсылмандар саны өскен сайын халал өнімге деген сұраныстың артатыны сөзсіз. Алысқа бармай-ақ, көршілес Ресейді алайық. Онда мүміндер халықтың 13,5%-ін құрайды. Ал Еуропада мұсылман саны бойынша Франция көш бастап тұр. Қалған елдер де қатары көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Заманға бейімделген ірі супермаркеттердің еуропалық желілері халал-стандартқа басымдық беретін болған.

Қалай дегенмен де әзірге халал-стандартты айқындайтын және қадағалайтын әлемдік бірегей жүйе жоқ. Бұл мәселені Ислам ынтымақтастығы ұйымының көтеріп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Әлем мұсылмандары алдағы уақытта бұған да қол жеткізіп қалуы мүмкін.

Еуропадағы халал тамақ пен сусын нарығы

$15,48 млрд

2024 жылы

$20,34 млрд

2029 жылға қарай.

 

Мұсылмандардың пайыздық үлесі

Ресей 13,5%

Франция 8,8%

Ұлыбритания 6,3%

Германия 5,7%

Италия 4,8%.