Йеменді аштық жайлады
Йеменде азық-түлік дағдарысы ушығып тұр.
Ас-ауқат жетіспей, балалар мен жүкті әйелдер қатты зардап шегуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, мұнда 5 жасқа дейінгі 2 млн-нан астам бала тойып тамақ ішпейді. Емдеу мекемелеріне күн сайын ашқұрсақ жүздеген сәби көмекке жүгінеді.
Йемен астанасы Санада емдеу мекемелері жаңа туған нәресте мен жүкті әйелдерге лық толы. Өйткені аймақты аштық жайлап, тұрғындар бір үзім нан мен бір жұтым суға зар болып отыр. Оған жылдар бойы өңірде жалғасып келе жатқан қақтығыс себеп дейді сарапшылар.
Питер Хокинс, Йемендегі ЮНИСЕФ өкілі:
- Аштық жиі белең алатын тамыз және қыркүйек айларында тойып тамақ ішпеудің нағыз зардабын тартамыз ба деп қорқамын. Бұл көрсеткіш жыл сайын көбеймесе, кемитін емес. Егер азық-түлік жеткізіп, қаржылай қолдау арқылы мәселені шұғыл шешпесек, мұнан да ауыр қиындықтарға тап боламыз.
Былтыр дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы қаржыландыру тоқтаған соң Йеменнің солтүстігін ас-ауқатпен қамтамасыз етуді доғарған. Мұнан соң ашқұрсақ ана мен баланың қатары күрт көбейген. БҰҰ-ның мәліметінше, халықтың жартысынан астамы, яғни 18 млн тұрғын тамаққа мұқтаж. Оның 2 млн-ға жуығы жүкті әйел мен емізулі ана, ал аш бала саны 3 жарым млн-ға таяған.
Анис Әл-Асбахи, Сана Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі:
- 9 жыл үздіксіз жалғасып келе жатқан Йемендегі қақтығыстың апатты салдары мен жалақының тоқтатылуынан 1 млн 700 мыңнан астам аяғы ауыр әйел дұрыс тамақтанбай, қатты зардап шегіп отыр. Бұлай жалғаса берсе, аштықтан ішегі жабысқан аналар мен балалардың саны күрт көбейетін түрі бар.
Ахуалдың ушығуына хуситтердің халықаралық кемелерге қақтығысы да негізгі себеп. Өйткені АҚШ пен Ұлыбритания әскері көтерілісшілерге жауап ретінде Йеменді соққылауын доғарар емес. Түптеп келгенде, жергілікті халық жапа шегіп отыр. Сол себепті ұйымдар дереу атысты тоқтатып, әлем елдерін Йеменге гуманитарлық көмек жеткізуге шақырды.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева