Күрес – түркілерге ортақ спорт түрі
Түркі халықтарының тегі мен тарихы ғана емес, көптеген спорт түрлері де ортақ.
Мәселен, күресті алайық. Ол бізбен бауырлас елдің бәрінде бар. Осыны ескерген болуы керек, ЮНЕСКО күресті адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізген. Күрес өзбекше кураш, қырғызша күрөш, әзербайжанша ҝүләш, башқұртша көрәш, чуваш тілінде көрешү, татарша көрәш, түрікше гүреш, түрікменше гөреш деп аталады.
Осылардың ішінде ала тақиялы бауырларымыз пысық болып тұр. Олар курашты Азия ойындарының ресми спорт түрлерінің тізіміне енгізіп жіберген.
"Күрес" түркі халықтарында қалай аталады?
өзбекше "кураш"
қырғызша "күрөш"
әзербайжанша "ҝүләш"
башқұртша "көрәш"
чувашша "кӗрешӳ"
татарша "көрәш"
түрікше "гүреш"
түрікменше "гөреш"
Түркі халықтарына ортақ тағы бір спорт түрі - көкпар. Ол қырғыз, өзбек, башқұрт және алтайларда тартылады. Көкпар негізі көне түркі тілінің "көк бөрі" сөзінен шыққан. Қырғыздардың әйгілі "Манас" жырында "Бөлүнүп ордо, чын мөрөй, Атпай турган жер бекен? Жатпай оюн, көк бөрү, Тартпай турган жер бекен?" деген жолдардың кездесуі оның қаншалықты ежелгі ойын екенін білдірсе керек.
Көкпарға ұқсас "Бузкаши" спорты YOUTUBE.COM/ALL OUT ACTION
Көкпар - Орталық Азиядағы басқа халықтарға да тән ойын. Тек атауы басқаша - "бузкаши" деп аталады. Ол түрікмен, ұйғыр, тәжік, хазар және пуштундарда кездеседі. "Бузкаши" парсы тілінен аударғанда "серке тартысу" деген мағынаны білдіреді. Бұл ойын атақты "Рембоның" үшінші фильмінде көрсетілген. Онда басты рөлдегі Сильвестр Сталлоне моджахедтермен ойнайды. Бірақ Ауғанстанда қазір "бузкашиден" ешқандай жарыс ұйымдастырылмайды екен.
Үндістерді соғысқа дайындаған спорт түрі YOUTUBE.COM/MINNESOTA HISTORICAL SOCIETY
Әрине спорт ойындары әлемдегі ежелгі халықтардың бәрінде бар. Солардың бірі - америкалық үндістердің "Лакросс" топтық ойыны. Ол біздің заманымызға дейінгі 1100 жылдардан белгілі. 17 ғасырдан бері АҚШ пен Канадада кеңінен таралған. Үндістер лакросс арқылы жауынгерлерін соғысқа дайындапты. Ойыншылар қолына ілмегі бар сырық ұстап, кішкене допты бір-біріне лақтырып және қақпаға гол соғып ойнайды. Лакроссқа жүздеген адам қатыса алады. Алаңның аумағын бірнеше шақырымға кеңейтуге рұқсат бар.
Бөрене лақтыру шотландтардың спорты YOUTUBE.COM/PERTH HIGHLAND GAMES
Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа. Ұзын бөренені лақтырып ойнайтын ежелгі спорт түрін естуіңіз бар ма? Оны шотландтар "Кейбер тосс" (Caber Toss) деп атайды. Бөрененің ұзындығы 6 метрден, ал салмағы 80 келі болуға тиіс. Мұнда мәселе күште емес, дұрыс лақтыруда дейді мамандар. Шотландтар ертеде соғыс кезінде жылдам көпір құру үшін осылай бөрене лақтырған.
Негізі әлем халықтарының ежелгі спорт түрлері жаугершілік заманға байланысты туындаған. Әуелде олар елі мен жерін қорғауға әскери дайындықты пысықтау үшін ойлап табылған. Ал қазір бұл спорт түрлері толығымен жарыс ойынына айналды.