БҰҰ штаб-пәтерінде Наурыз мерекесі атап өтілді

Нью-Йорктегі Біріккен ұлттар ұйымында Наурыз мерекесі аталып өтті.

Жыл сайын ұйымдастырылатын мерекелік іс-шараға 12 елдің өкілдері қатысты. Жиналған жұртты БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш бейнебайланыс арқылы құттықтады. “Наурыз ғажайыптары” балалар суреттерінің көрмесі өтіп, жеткіншектеріміз қатысты.

Бұл Біріккен ұлттар ұйымында өткен мереклік іс-шараға Қазақстанмен бірге Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Иран және тағы басқа елдердің тұрақты өкілдіктері қатысты. Салтанатты ұйымның Бас аасамблеясының президенті Дэннис Фрэнсис ашты. Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі Ақан Ақасұлы жиналған қауымды Әз-Наурызбен құттықтап, мереке халқымыз үшін көктемнің келуімен бірге мәдени жаңғыруды, ұлттық бірлікті білдіретінін атап өтті. Ал Нью-Йоркте оқып жүрген студент Аманмырза Жүсіпхан қазақтың Адай және Көроғлу күйлерін Біріккен ұлттар ұйымының сахнасында орындап, жиналған қауымның қошеметіне бөленді. 

Мерекелік шаралар “Наурыз ғажайыптары” атты балалар көрмесімен жалғасты. Оған Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше елдердің БҰҰ жанындағы әр тұрақты өкілдіктен 5 баладан қатысты. Бүлдіршіндеріміздің сәукеле мен әсем көйлек киген қазақтың сұлу қызы, жайлаудағы кигіз үй, Алатау бөктерінде Наурыз тойлап жатқан халық, ұлттық дастархан сияқты суреттері көрермендерді тәнті етті. 

Дәния Мұқанметкәрім, көрмеге қатысушы:

- Наурыз мерекесінде кигіз үйдің қасында алтыбақан тұрады және ұлттық ойындар өткізіледі. Көкпар, қыз қуу және күрес. Осы ойындардың көбі ат ойындары. Сондықтан осының бәрін мен өзімнің суретімде бейнеледім.

Балалар жүлделі хаттармен марапатталды. Ұлттық нақышта киінген жерлестеріміз көпшіліктің ықыласына бөленді.

Ділбар Қадырқұл, БҰҰ қызметкері:

- Әрбір отбасыға бақ-береке, шаттық, бақыт, қуаныш тілеймін. Осы жаңару күні әрбірімізге ырыс- ынтымақ әкелсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, көркейіп, гүлдене берейік. Наурыз құтты болсын, ағайын!

Балалар халықаралық ұйымда өткен мерекелік іс-шарадан ерекше әсер алды. Қатысушылар алдағы уақытта да осындай көрмелер өткізіп отыруды ұсынды.

Айжан Сыдықова