Терактіден қаза тапқандар саны 133 адамға жетті

Мәскеуде терактіден көз жұмғандар саны 133 адамға жетті.

Лаңкестік шабуыл болған жерде тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Арнайы қызмет өкілдері 11 күдіктіні ұстаған. 

Дана Нұржан, тілші:

- Ресей Тергеу комитеті: «марқұмдардың саны артуы мүмкін», – дейді. Ал Ресей Денсаулық сақтау министрлігі лаңкестіктен кейін ауруханға жеткізілген 16 адам мен бір бала өте ауыр халде жатқанын хабарлады. Тағы 44 кісінің жағдайы мүшкіл. Қазір ауруханаларда барлығы 107 адам емделіп жатыр.

Мәскеудегі донорлық орталықтар мен ауруханаларда зардап шеккендер үшін қан тапсыруға ниет білдірген азаматтар таңертеңнен бері жиналып, кезекте тұр. Гаврилов атындағы қан орталығы қазірдің өзінде 500-ден астам адамды қабылдаған. Лаңкестер жанғыш сұйықтықты пайдаланып, адам толы залды өртегені анықталды.

- Лаңкестер қасымдағы қызды өлтіріп тастады. Мен өліп қалған адам сияқты кейіп танытып, тапжылмай жаттым. Бір кезде өрт шығып, лаңкестер есікті жабуға тырысты. Бірақ құлыпты жаба алмады. Мен шамалы уақыттан кейін сыртқа шығу үшін жылжи бастадым.

Дана Нұржан, тілші:

- Мәскеу мен Мәскеу облысы билігі лаңкестік әрекеттен зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Мәскеу облысы губернаторының айтуынша, терактіден қаза тапқандардың туған-туыстарына 3 миллион рубль, жарақат алғандарға 1 миллион, ал ата-анасы қайтыс болған балаларға ай сайынғы жәрдемақы беріледі. Қазір қираған концерт залы орнында тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар ғимаратты үйінділерден тазалау жүргізіліп жатыр. Федералдық қауіпсіздік қызметі басшысы Крокус Сити Холдағы терактіні жасаған 4 лаңкесті қосқанда 11 адамның ұсталғанын хабарлады.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.