Ресей халқы қаза тапқандарды аза тұтып жатыр
Мәскеудегі лаңкестік әрекеттен зардап шеккендер саны 154 адамға жетті.
Жаңартылған тізімді Мәскеу облысының Денсаулық сақтау министрлігі жариялады. Ресей Тергеу комитетінің мәліметі бойынша 133 адам көз жұмған. Бүгін бұл елде Аза тұту күні. Мемлекеттік тулар төмен түсріліп, барлық бұқаралық және ойын-сауық іс-шаралары тоқтатылды.
Дана Нұржан, тілші:
- Ұлттық аза тұту күнінде адамдар қираған Крокус Сити Холл ғимаратына келіп, гүл шоқтарын қойып жатыр. Таңертеңнен бері оған қарай бет алған жұрттың қарасы қалың. Мұнда лаңкестік әрекеттен қаза тапқандарды еске алуға арналған уақытша тағзым ету орыны ашылған. бұл лаңкестік соңғы он жылдан астам уақыт ішінде Мәскеудегі ең ірі теракті деп аталды.
Мәскеу мен Ресейдің барлық аймағында қаралы күнге байланысты бүкіл бұқаралық салтанатты іс-шаралар тоқтатылды. Мәскеу театрлары мен концерттік алаңдары жабылған. Спорттық шаралар да кейінге шегерілді. Бұл Ресейде 2018 жылдан бері алғаш рет болып тұрған жалпыұлттық аза тұту.
Родион Газманов, артист:
"Бұл құрбандар саны бойынша Бесланнан кейінгі екінші үлкен қасіретті оқиға. Қайтыс болғандардың рухына тағзым етуге бүгін көп адам келді. Олар әркез бірге екенін білдірді. Осы ауызбіршілік бізге демеу болады. Ең бастысы осы."
Шарип Фозилов, Мәскеу тұрғыны:
"Қызым "кішкентай балалар да көз жұмды ғой, барайық" деп ойыншық алып келді. Шын жүректен айтты. Сөйтіп, екеуіміз бірге келдік."
Ирина Шишкова, Красногорск тұрғыны:
"Құрбандар үшін дұға қыламыз. Жараланғандардың тез арада сауығып кетуін тілейміз. Бүгін аспан бізбен бірге егіліп тұр. Ойыншық көп әкелінді."
Теракт кезінде концертте болып, барлығын өз көзімен көрген азаматтар да марқұмдарды еске алуға келген. Олар ғимараттың қасына жиналып, сол сәтті еске түсіру өте қиын дейді.
Анастасия Радионова, куәгер:
"Қайда қашарымызды білмей есіміз шықты. Біреу "жат" деп, басқасы "тығыл" деп айқайлады. Біз концертке кешігіп келіп, аман қалдық. Қаскүнемдер ғимаратқа кіріп алып, бей-берекет оқ жаудырды, адамдар құлап жатты. Олар бала-шаға, қарияға қарамай, бәрін атты."
Мәскеу ауруханаларында теракті кезінде жарақат алған 92 адам емделіп жатыр. Жеті науқастың халі мүшкіл. Тағы отызға жуық адам ауыр халде жатыр дейді дәрігерлер. Мәскеу мен Мәскеу облысында зардап шеккендерге көмек ретінде 5 мыңнан астам азамат қан тапсырды. Лаңкестік орнында іздеу жұмыстары әлі жалғасуда. Қазір құтқарушылар ғимарат ішін үйінділерден тазалау үшін арнайы кран қолдануды жоспарлап отыр.
Дана Нұржан, Шахзод Гамиров