Люксембургте халық баратын жеріне тегін қатынайды

2025 жылға қарай қоғамдық көлік қозғалысы 471 миллионнан 2,2 миллиардқа артуы әбден мүмкін.

Есесіне жеңіл көлік қозғалысы 5 есе азаяды. Оған көліктің көптігі мен кептеліс себеп дейді, британдық Джунепер Рисерч зерттеу тобының сарапшылары.

Иә, бұл деректі Біріккен ұлттар ұйыма да қостайды. Ұйым келтірген мәліметке сүйенсек, жеңіл көліктен гөрі, қоғамдық көлікті пайдалану арқылы ауаға таралатын көмірқышқыл газы 2,2 тоннаға қысқарады екен.

Тегін транспорт 

Люксембургте халық баратын жеріне тегін қатынайды. Кешікпейді. Жұмысына уақытылы барады. Тіпті сырттан келген туристке де шектеу жоқ. Мұнда 2020 жылдан бері барлық транспорт ақысыз режимде жұмыс істейді. Себебі, Люксембург бір кездері әлемдегі ең үлкен кептеліс мәселесі бар елдің қатарында болды. Мәселен, 2016 жылы 1 жыл ішінде 33 сағатқа созылған, ең үлкен кептеліс тіркелген.  

Цитата:

Тегін транспорттың шығынын салықтан түскен қаражат жабады. Бұл әрі тиімді, әрі әділетті деп ойлаймын. Әсіресе, салықты көп төлейтіндер көбірек үлес қосады.

Франсуа Бауш, Люксембург вице-премьер-министрі

Қоғамдық көліктің тегін болғаны халыққа жақсы әрине. Осы үшін жыл сайын ел 40 миллион еуро шығындайды. Дегенмен, ел билігі бұл бастаманы тоқтатпақ емес. Себебі тегін жүруді қамтамасыз ету арқылы кептеліс мәселесі ғана шешіліп қоймай, экологиялық тұрғыдан да тиімді болмақ.

Көлігінен велосипеді көп ел  

Экологияның жайын голландтар 2 ғасыр бұрын ойлап қойған. Халық төрт дөңгелекті темір тұлпардан гөрі, екі дөңгелекті велосипед тепкенді жөн көреді. Тұрғынынан велосипеді көп ел дерсіз. Мұнда 17 млн адам, 23 млн велосипед бар. 35 мың шақырымнан асатын веложолақ төселген. Нидерланд көлік институты жасаған талдау бойынша, автокөліктен велосипедке көшу орта есеппен автожолдарда бір шақырымына 150 грамм көмірқышқыл газын шығаруды тежеген. Әрі велокөлік мінудің тиімділігінен ел бюджеті жылына 20 млн доллар үнемдеуге қол жеткізген. Велосипед міну жасқа да, кәріге де жарасады. Лауазым талғамайды. Премьер-министр Марк Рюттенің өзі жұмысқа велосипедпен барады.

Цитата:

Мен кейінгі 5 жылда өзіме велосипед сатып алып, күн ашық кездері кеңсеге велосипедпен баруға тырысып жүрмін. Нидерландықтар осы көлік түрін таңдау арқылы ұлт денсаулығын жақсартуға қол жеткізіп отыр.

Марк Рютте, Нидерланд премьер-министрі

Нидерланд халқының бас-баспасында велосипед болса, америкалықтар да бір-бір көліктен. Иә, әлемде қай жағынан алсаң да, үздіктер қатарынан көрінетін алпауыт америкаңызда қоғамдық көлік сапасы ақсап тұр. Қаптаған көлік, ұзын-сонар кептеліс. Мәселен, Нью-Йоркте кептеліс ұзақтығы жыл сайын 90 сағатқа дейін жетеді.  

Көлік аз болса да, кептеліс көп

Үндістанда да экокөлік бар. Велорикши деп аталады. Жолаушы таситын, қоғамдық көліктің бір түрі. Бірақ оның пайдасынан, зияны көп. Көшедегі кептеліс осы көліктің кесірінен болады екен. Ал автобустарына келсек, әркез лық толы. Себебі, Үндістанда халық көп, көлік аз.

Ал пойыздар күніне, бір Мумбайдың өзінде, 8 миллион жолаушы тасымалдайды. Вагон саны аз болғандықтан, билет бәріне жетпейді. Халықтың келім-кетім пойыздың кез келген қуысына "қоян" болып тіркесіп алатыны да содан. 

Жыл сайын бүкіл әлем қыркүйектің 22-сі Дүниежүзілік көліксіз жүру күнін атап өтеді. Оған 100 миллионнан астам адам белсене атсаласыды. Яғни, трамвай, троллейбус, автобус, метро және басқа да қоғамдық көліктердің, сондай-ақ велосипедтер мен серуендеуді таңдап, автомобильдерді пайдалануды азайтады.

Яғни, бір күн болса да, біраз зиянды қалдықтардың ауаға таралуын аз да болса тоқтатады.