Қытайда Қазақстан туризмі жылы басталды
Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылы ресми ашық деп жарияланды.
Ашылу салтанаты Бейжіңдегі ұлттық опера үйінде өтті. Іс-шараға көрші елдің салаға жауапты ведомствасынан бастап, журналистер, блогерлер, кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімінің алдында этноауыл ұйымдастырылды. Шаңырақ көтеріліп, бірнеше киіз үй тігілді. Еліміздің брендіне айналған алып денелі батырлар, әнші, жыршы, күйшілер қытайлық туристерді таңқалдыруға тырысты. Тіпті тайқазан қойылып, дастархан жайылды.
Джау Дзюань, Бейжің қаласының тұрғыны:
- Маған саяхаттаған ұнайды. Қазақстанда бұған дейін бірнеше рет болдым. Барған сайын жаңа туристік орындарды аралаймын. Халқы өте қонақжай. Ықыласы сезіліп тұрады. Әсіресе табиғаты мен тағамдары ерекше дәмді. Биыл отбасымызбен барамыз. Енді виза рәсімдеудің қажеті жоқ. Бұл үлкен жеңілдік.
Джоу Ди қытайдың интернет жұлдызы. Танымал блогер аспаздық, тағамдар тақырыбында видео блог түсіреді. Әлеуметтік парақшасына 10 миллионнан астам адам тіркелген. Ол қазақ туризмі жайында естіп іс-шараға арнайы келді. Жуырда оқырмандарын топтастырып Қазақстанға саяхат ұйымдастыруды көздеп отыр.
Джоу Ди, блогер:
- Біздің елде гастрономиялық туризмге ерекше қызығушылық бар. Мен осыны пайдаланып қазақ елінің аспаздық өнері, ұлттық тағамдары жайында бейне роликтер жасамақпын. Бұл контентті парақшамда жариялап, топтық сапар ұйымдастыру ойымда бар. Саяхатты алдағы сәуір-мамыр айларында бастаймыз.
Этноуылды аралап, ұлттық құндылықтармен танысқан қытайлықтар қазақ өнерін де тамашалады. Өнерпаздар Бейжіңдегі Ұлттық опера үйінде концерт қойды. Ән, би, күй орындалып халық әндері қазақ-қытай тілдерінде шырқалды. Әрбір ұйымдастырылған іс-шара елімізге туристерді тартуға бағытталған.
Диас Ахметшәріп, ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі:
- Әр облыс өзінің әлеуетіне қарай турист тартады. Бір өңірде табиғаты бар, көлдері бар болса келесі өңірде шөл, шөлейттер. Оған да көру үшін туристер келуі мүмкін. Соны біз тартуымыз керек. Қытай тарапынан кемінде жылына 300-500 мың турист кіретін болса, онда біздің экономикаға үлкен септігін тигізеді.
Бейжіңде екі күннен бері туризмге қатысты маңызды 15 келісім жасалды. Меморандумға қол қойылып кәсіпкерлер мен инвесторлар бетпе-бет кездесті. Әлеуетті бағамдап, өзара іскерлік байланыс орнатты.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы