Тайваньда зілзала құрбандарының саны артып келеді

Соңғы ақпар бойынша 9 адамның опат болғаны белгілі.

Ал Дамаскідегі Иран консулдығында болған жарылыстан 11 азамат көз жұмған. Осыған байланысты Біріккен Ұлттары ұйымы шұғыл отырыс өткізді.

Тайваньдағы жер сілкінісінен опат болғандар саны 9-ға жетті. 880 адам жарақат алған. Тағы 130 азамат үйінді астында. Олардың өмірін сақтап қалу үшін құтқарушылар үйінділерді аршу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, табиғат апатынан ондаған үй қирап, мыңдаған тұрғын жарықсыз қалды. Қазір бүкіл арал бойынша теміржол қатынасы тоқтап тұр. Бірнеше әуе рейсі кейінге шегерілген. Айта кетейін, бүгін таңертең қуаты 7 баллдан асқан зілзала соңғы 25 жылдағы ең жойқын жер сілкінісі болды.  

Дүлей дауыл соқты

АҚШ-тың бірқатар өңірінде күтпеген жерден табиғат тосын мінез танытты. Огайо мен Вирджиния штаттарында дүлей дауыл соғып, мыңдаған адам жарықсыз қалды. Оклахомада төпелеп жауған нөсер соңы құйынға ұласты. Полицейлердің айтуынша, соның салдарынан 1 адам көз жұмған. Индианада ауа райының қолайсыздығынан бірқатар мектеп жұмысын тоқтатты. Ал Кентуккиде дауылға байланысты төтенше жағдай режимі жарияланды. Синоптиктердің сөзінше, елдің бірқатар өңірінде құйын көтерілуі мүмкін. Кей жерлерде тіпті жарты метрдей қар түседі деп күтілуде. Айта кетейін, әзірге ауа райы қолайсыздығынан келген шығын көлемі белгісіз. 

Газа инфрақұрылымына $18,5 млрд шығын келген

Ал Газа секторында былтыр қазан айынан бері инфрақұрылымға 18,5 миллиард доллар шығын келген. Арнайы есеп жүргізген Біріккен Ұлттары ұйымы мен Дүниежүзілік банк өкілдері осындай қорытынды шығарды. Оған сай, жарты жылда ең көп тұрғын үй секторына залал келген. 72 пайызы соның үлесінде. Қалған 18 пайызы білім беру, денсаулық сақтау, сумен қамтамасыз ету және энергетика нысандарына тиесілі. Мамандардың айтуынша, 6 ай бойы жалғасып келе жатқан қарулы қақтығыс анклавта бұрын-соңды болмаған гуманитарлық дағдарыс тудырды. Соның салдарынан бүгінде жүз мыңдаған адам ашқұрсақ жүр.

БҰҰ Израильдің Иран консулдығына жасаған шабуылын айыптады

Біріккен Ұлттар ұйымы Израиль әскерінің Иран консулдығына жасаған шабуылын қатаң сынға алды. Қауіпсіздік кеңесі отырысында бас хатшы ұстамдылық танытып, қақтығысты одан әрі ушықтыруға жол бермеуге шақырды. Естеріңізде болса, жарылыс сәуірдің бірі күні Дамаск қаласында болды. Соның салдарынан бас консулдық ғимараты толығымен қирап, 11 адам көз жұмды. Бұл Адам құқықтары жөніндегі Сирияның бақылаушы кеңесі келтірген дерек.