АҚШ-та табиғи апат жиіледі
АҚШ-та сәуір айының басында басталған қолайсыз күн райы әлі басылмай тұр.
Осы аптада дүлей дауыл мен нөсер жауын соңы су тасқынына ұласты.
Техас штатындағы Кирбивилл қаласында су тасқыны салдарынан төтенше жағдай жарияланды. Ұлттық метеорологиялық қызметтің хабарлауынша, түнімен жауған толассыз жауынның әсерінен өзен суы 3 метрге көтеріліп, қалашықты су басқан. Елді мекенге апаратын жолдардың барлығы тасқын кесірінен жабылды. Техастың бірқатар аудандарында сағатына 140 шақырым жылдамдыққа дейін жел соқты. Салдарынан ғимараттар бұзылып, ағаштар құлады. Жалпы осы мауысымдағы торнадолардың белсенділігін ғалымдар былай түсіндіреді.
Алекс Дерозье, Колорадо университетінің ғылым кандидаты:
- Атлант мұхитының бетіндегі су рекордты жылы болғанын бақылап отырмыз. Дүлей дауылдар жылы судан күш алады, бұл олар үшін өте көп мөлшердегі жанармай сияқты. Өткен жылы да дәл солай болған, бірақ былтыр бізге желді атмосфера көмектескен. Ал бұл жылы жолымыз болмай тұр.Қазір бізде дауылдардың белсенділігін қуаттайтын жылы мұхит және бұл жойқын күшке төтеп бере алмайтын тымық атмосфера бар.
АҚШ ұлттық метеорологиялық қызметі Луизианна штатындағы Нью Орлеанда да су тасқынына байланысты төтенше жағдай жариялады. Ірі су қоймалары мен өзендер маңайындағы аймақтарды су басты. Ал таулы жерлерде сел жүру қаупі жоғарылады.
Крис Кауфманн, аймақтық өрт сөндіруші күзеттің басшысы:
- Мына жерден торнадо жүріп өтті. Бұл біздің аймақтағы ең көп қираған аудан. Біз осы ғимараттағы 50ден астам адамды эвакуациялауға мәжбүр болдық. Бастысы кісі өлімі жоқ, алайда жараланғандар бар. Зиян көп болғанымен ауыр зардап шеккендер жоқ.
Миссисипи штатының губернаторы Тейт Ривз Х әлеуметтік желісінде шторм салдарынан бір адам қайтыс болғанын жариялады. Алабама, Флорида, Джорджия штаттарына да торнадо қауіптілігі туралы ескертулер жарияланды.
Авторы: Айжан Сыдықова