Дубайдағы дауылдан әуе рейстері тоқтатылды
Толассыз жауған жаңбырдан Біріккен Араб Әмірліктерінде көлік қатынасы тоқтап, ұшақ рейстері кейінге шегерілді.
Нөсер жауын әсіресе Дубай Әмірлігін әуреге салды. Төтенше жағдайлар жөніндегі ұлттық агенттігі тұрғындардың үйде болып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырып отыр.
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- Бүгін күн ашылды. Дегенмен кеше кешқұрым әп сәтте орын алған дауылды жел, шелектеп құйған жаңбырдың салдарын көріп тұрсыздар, көшелер қазір адам аяқ алып жүргісіз. Орталық көшелерді судан тазартты, бірақ, жолдар әлі де жабық. Негізі, жауын-шашын түсетіні туралы Әмірліктердің ұлттық метеорологиялық орталығы өткен аптада хабарлаған болатын. Соған орай, қаладағы мектептер жабылып, жұмысшылар мен мемлекеттік қызметкерлер онлайн режимге ауысты. Қатты желдің салдарынан ғимараттарға зақым келіп, Дубайдың кейбір аудандарында электр қуаты өшіп қалды. Мұншалықты көл-көсір судың жиналуына қалада дренаждық қондырғылардың жоқтығы себеп болып отыр. Әмірліктерде жауын-шашын өте сирек болатындықтан, суағар жүйе қарастырылмаған. Осы орайда, айта кету керек, бұл ел соңғы 3-4 жылда жасанды жолмен жаңбыр шақыру технологиясын қолданып отыр. Бұл жолы жауын арнайы дрондардың көмегімен жасалды ма, жоқ па белгісіз, Әмірліктер әзірге ресми ақпарат берген жоқ. Қазір жергілікті билік суды арнайы техникалармен сорып алуда. Соның өзінде ғимараттардың бірінші қабаттарын су алды. Ірі сауда орталықтары мен метро станциясында су белшеден асты. Дубай әуежайы осы жағдайға байланысты 45 әуе рейсін тоқтатты. Оның ішінде Қазақстаннан келетін әуе ұшағы да бар. Өйткені ұшу алаңдары телегей-теңіз суға айналды. Ел бойынша барлық іс-шаралар кейінге қалдырылды. Дубай Әмірлігінің билігі қызғылт сары дабыл деңгейін енгізді. Бұл жағдай бүгін 17 сәуір, кешкі уақытқа дейін созылады.