Дубайды су басты

Көктем келісімен әлемде су тасқыны жиілеп, халық көп жапа шегіп жатыр.

Көршіміз Ресейде ахуал әлі тұрақталған жоқ. Тобыл суы ернеуінен асып, қауіпті межеге жеткен. Дубай қаласында селдетіп құйған жауын тасқынға ұласып, әуежай жабылды.

Топан су Ресей мен Дубайды ғана емес, Ауғанстан, Пәкістан, Оман және Танзанияның біраз аймағын басты. Сарапшылар: «әлем елдерінде су тасқынының жиілеуінің басты себебі – климаттың өзгеруі мен мұздықтардың еруі», – дейді. Ауа температурасының жоғарылауынан су буланып, жауын-шашын көбейе түскен. Бұл алапат тасқынға әкеп соғып жатыр.

Қорғанда қауіп күшейді

Қорғанда ахуал күрделеніп барады. Соңғы бірнеше сағатта Тобыл өзенінің деңгейі 12 см-ге дейін көтеріліп, мамандар қауіпті деп белгілеген межеден асып 9 метрге жеткен. Қазір тұрғындарды құтқару-эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Оған 4400 маман мен 1 мыңнан астам техника жұмылдырылған. 300-ге жуық қайық қолданылып жатыр. 8 сәуірден бастап мұнда төтенше жағдай режимі енгізілген. Мамандар: «алдағы күндері облыс аумағында тасыған су деңгейі шыңына жетіп, біртіндеп қайта бастауы керек», – деп отыр.

Вадим Шумков, Қорған облысының губернаторы:

- 26 елді мекенде 334 үй мен 1148 аула су астында қалды. Халықты дереу хабардар етіп, жылдам эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 16 уақытша орналастыру пунктінде 924 адам қоныстанған. Олардың 217-сі – бала. 

 

Су басқан жерлер көп

Орынборда Жайық өзенінің деңгейі тәулік ішінде 26 см-ге дейін төмендеді. Бірақ жергілікті билік өзен суы сәл қайтқанымен, су басқан аумақтың көлемі азаймай тұр, – дейді. Соңғы мәліметке қарағанда, 89 шаршы шақырым жерді тасқын жайлаған. Қазір облыс орталығында 6 500 үй мен 11 мың аула су астында қалған. 2 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың 200-ге жуығы – бала. 300-дей адам уақытша баспаналарға орналастырылған.

 

Тасқыннан 66 адам опат болды

Ал Ауғанстанда тоқтаусыз жауған жауын-шашын соңы тасқынға ұласып, табиғи апаттан 60-тан астам адам опат болды. Тағы ондаған тұрғын жарақат алды. Тасқын жүрген 13 елді мекенде инфрақұрылым бүлініп, ғимараттар қирап қалды. Әсіресе шаруалар қатты шығынға батқан. Малы қырылып, егістік алқаптарды су шайып кеткен.

Шерзад Хан, жергілікті тұрғын:

- Енді егін жинаймыз деп отырғанда тасқын 200-дей егістік алқабын бүлдіріп кетті. Жұрттың мал-мүлкі суға кетіп, үйлері тұруға жарамсыз болып қалды.

 

Толассыз жауын тасқынға ұласты

Дубай қаласында да жаңбыр шелектеп құйып, шаһарды су басты. Тасқыннан ғимараттарға зақым келіп, бірнеше аудан жарықсыз, байланыссыз қалған. Білім беру ұйымдары мен кей мекемелер қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Топан судан халықаралық әуежай уақытша жабылып, рейстер кейінге шегерілді. Салдарынан жүздеген жолаушы діттеген жеріне жете алмай жапа шекті. Қазір шаһарда табиғат апатының салдарымен күрес жүріп жатыр.