Орынбор облысында ахуал тұрақтала бастады

Ресейдің Орынбор облысында ахуал тұрақтала бастады.

Аймақ орталығында кейінгі бірнеше сағатта Жайық суы 10 метрге дейін төмендеген. Қазір мұнда  тасқыннан зардап шеккен елдімекендерге санитарлық-дезинфекциялау және қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы дерекке сәйкес, 400-ден астам ғимарат судан тазартылды. 17500-ге жуық адам эвакуацияланған. Қазір мұнда 1 мың тонна дезинфекциялық құрал жеткізілді. Ал келтірілген шығын мен залалды бағалау жұмыстарына 51 комиссия жасақталған. Олар кезең-кезеңімен әр елді мекенді аралап, шығынға ұшыраған мал-мүліктің есебін алуда.

Сергей Салмин, Орынбор қаласының басшысы:

«Комиссия мүшелері мал-мүлікке келтірілген залалды тіркеп, барлық жапа шеккен тұрғындарға хлорлы таблеткалар мен оны қолдану жөніндегі нұсқаулықтарды таратуда. Зардап шеккен үй, ондағы мүлік, тұрмыстық заттардың барлығы дезинфекциялануы қажет».   

Орскіге су келе бастады

Орск қаласына біртіндеп ауыз су келе бастады. Тіршілік көзі шаһардың кей аудандарына беріліп жатыр. Су таситын көлік саны да екі есе ұлғайған. Тасымалдауға өрт сөндіру көліктері тартылды. Ал білім беру ұйымдары қалыпты жұмысына кірісті. Барлық оқу орындары бір реттік ыдыс-аяқ және дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілген. Ал оқушылардың рационына жууды көп қажет етпейтін азық-түліктер ғана бекітілген.

Тобыл суы 10 метрден асты

Ресей, Қорған

Ал Қорғанда керісінше жағдай әлі күрделі. Тобыл суының деңгейі соңғы бірнеше сағатта 3 см-ге жоғарылап, 10 метрден асып кетті. Судың тез көтерілуіне байланысты 7 ауданда автожол жабылған. Қазір құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялап, су басқан жерлерде үйінділер төсеп жатыр.

Еріктілер көмекке келді

БАӘ, Дубай

Дубайда тасқыннан 4 адам опат болды. Оның үшеуі Филиппин азаматтары. Олар Бірікен араб әмірліктеріне жұмыс істеуге келген. Бұл туралы Филиппин билігі мәлімдеді. Қазір Дубайда тасқыннан зардап шеккен тұрғындарды құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Шаһарда электр, су және байланыс жүйесіне зақым келген соң, кей тұрғындар құтқарушыларды шақыра алмай отыр. Осы себепті еріктілер көмекке келуде. Олар өз қайығымен халыққа азық-түлік жеткізіп, қолғабыс етуде. Билік қаланы қалпына келтіру жұмыстары аяқталмайынша, тұрғындарды әзірге тысқа шықпауға шақырып отыр.

Хусеин, ерікті:

- Төңірегіміз көлге айналды. Біз 48 сағат бойы тұрғындарды қайығыммен қауіпсіз жерге әкеліп, олардың қажетті заттарын жеткізуге көмектесіп жатырмыз.

Тасқыннан соң жұрт қонысын тастап жатыр

Иран

Иранның оңтүстік-шығысында нөсер соңы тасқынға ұласып, тұрғындар ауызсусыз отыр. Халықтың көбі қонысын тастап кетіп жатыр. Табиғат апатынан әсіресе Бандар-Аббас, Керман, Систан және Белуджистан провинциялары зардап шеккен. Мұнда инфрақұрылым қирап, егіншілік жерлер жарамсыз боп  қалған. Мамандар судың тасу себебін бөгеттің қуаттылығы артып, өзен арнасынан тасыған деп түсіндірді. Билік тұрғындарды әзірге тысқа шықпауға шақырып отыр. Өйткені қолтырауындар жер бетіне шығуы мүмкін деген қауіп бар.