Францияда киім-кешекке қатысты заң қабылданады

Әлемде жыл сайын 92 миллион тонна киім қоқысқа кетеді, деп хабарлайды 24KZ.

Соның 700 мың тоннасы Францияға тиесілі. Осыншама ысыраппен күресу үшін ел билігі киім-кешек өндіру ісі бойынша жаңа заң қабылдамақ.

Франция – нағыз сән мен сәнқойлардың отаны. Статистиканы сөйлетсек, осыдан 10 жыл бұрын бір тұрғын бір жылда 30 киім алса, қазір француздар бір басына орташа есеппен 50 шақты киім алады. Бұл – бір жағынан, ысырап, екінші жағынан, қоршаған ортаны ластаушы қоқыс, – дейді сарапшылар.

Анн-Сесиль, Виоллан-ұлттық ассамблеяның депутаты:

- Тоқыма өнеркәсібі барлық парниктік газдар шығарындыларының шамамен 10% құрайды. Бұл үдеріс осылай жалғаса берсе, 2050 жылға қарай көрсеткіш 26% жетуі мүмкін. Сондай-ақ полиэстер – ең көп өндірілетін материал. Оны өндіру үшін жыл сайын 70 миллион баррель мұнай қажет.

Кейінгі 30 жыл ішінде Франциядағы киім өнеркәсібінде жұмыс орын саны 3 есеге қысқарған. Себебі қымбат брендтік тауарларды арзан әрі жылдам тігілетін киім-кешектер алмастырды. Бұл экологиялық тұрғыдан ғана емес, экономикаға да айтарлықтай әсер етеді. Осыға қатысты жаңа заң жылдам сәнге, оның жарнамасына шектеулер енгізуді көздейді.

Гүлнұр Мәмежанова, дизайнер:

- Біріншіден, мен өте қолдаймын. Қазақ айтады ғой «ысырап» деп. COVID-тен кейін не тамаққа болса да, не киімге болса да, біз неғұрлым берекелі, жаңағы сапалы дейді ғой, пайдалы өмірге келе жатырмыз. Ақырындап. Жаңағы ескі киімдерді лақтырмау, ысырап етпеу. Қымбат, бірақ сапасы мықты киімдерді киіп, француз халқы ысырап етпеуді жаңағы саналы түрде бағалайды.  

Жаңа заң арзан әрі сапасыз киімдерді шамадан тыс өндіруді шектеуді көздейді. Сондай-ақ қымбат киім-кешектер қарапайым тұтынушыларға қолжетімді болу үшін ішінара бюджеттен арнайы төлемдер бөлу жағы қарастырылған.

Авторлары: Фариза Жанғанаева, Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан.