Әлем елдері TikTok-қа тыйым салып жатыр
Әлемде TikTok желісін 1 миллиардтан астам адам қолданады.
Яғни, Жер шары халқының 15,1%-і деген сөз. Тіпті соңғы 4 жылда платформаға тіркелгендер қатары екі есе өскен. Бірақ кейінгі жылдары көп елдер TikTok мемлекеттің қауіпсіздігіне зиян келтіреді деп, оған тыйым салып жатыр. Жақында АҚШ TikTok туралы жаңа заң қабылдады.
Иә, көп елдің тәжірибесіне сүйенсек, олар TikTok платформасын шектеуді құптайды. Өйткені желіде желдей ескен ақпараттар жастардың санасын улап, ойын бұзады, – дейді. Азаматтардың жеке деректері қолды болады деген қауіп те бар.
TikTok-қа тыйым салған елдер
Дүниежүзінде танымал әлеуметтік желіні алғаш бұғаттаған ел – Үндістан. Үнділер TikTok пен тағы ондаған қытайлық қосымшаға қауіпсіздік мәселесіне байланысты 2020 жылы тыйым салды. Заң 2021 жылы күшіне енді. Сол жылы Тәжікстан, Пәкістан және Өзбекстан үкіметі де қосымшаны қолдануға шектеу қойды. Көбі TikTok «азғындықты насихаттап, жастарды жолдан тайдырады» деген қауіппен платформаны бұғаттаған. Осыдан кейін Литва мен Иордания билігі де әлеуметтік медиа ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретінін алға тартып, оны шектеуге көшті. 2022 жылы Марокко, Бахрейн, Кувейт үкіметі балаларды қорғау жөніндегі талапты орындамағаны үшін қосымшаны қолданыстан алып тастады. Желіге шектеу қойғандардың қатарында Тайвань мен Оман елі бар. Ал биыл көршіміз Қырғызстан қосымшаға тыйым салатын заң қабылдады.
АҚШ билігі TikTok туралы заңға қол қойды
АҚШ Сенаты да жақында TikTok-қа қатысты жаңа заң қабылдап, танымал әлеуметтік желіні шектеуді қолға алды. Ресми Вашингтон мәселені көп жылдан бері көтеріп келгенмен бастама аяқсыз қалған еді. Енді президент Джо Байден маңызды құжатқа қол қойып отыр. Бұған танымал желінің Қытай үкіметімен байланысы ықпал еткен. Олар Бейжің қосымша арқылы америкалықтардың жеке деректеріне қол жеткізіп, үгіт-насихат жүргізуі мүмкін деп қауіптенеді. Жаңа заңға сай ByteDance компаниясы TikTok-ты 9 ай ішінде сатса Құрама Штаттарда жұмысын жалғастыра алады. Ал егер бұдан бас тартса, қызметіне тыйым салынады. Бірақ платформаның бас директоры мұнымен келіспейтінін мәлімдеді. Айта кетейік, Америкада бұл желіні 170 миллионнан аса адам қолданады.
Шоу Зи Чу, TikTok бас директоры:
- Біз TikTok қолданушыларыны өзін еркін әрі қауіпсіз сезінуі үшін инвестиция салуды жалғастырамыз. АҚШ-тағы деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірнеше маңызды шараларды қабылдадық. Оған миллиардтаған доллар қаржы құйдық. Сотта тұтынушылардың құқын сақтау үшін күресуді тоқтатпаймыз.
Қырғызстан қосымшаға шектеу қойды
Көршіміз Қырғызстан елі де танымал желіні түбегейлі бұғаттады. Бұл туралы Цифрлық даму министрлігі мәлімдеді. Қырғыз үкіметі платформаны шектеу мәселесін былтыр тамыз айында бастаған. Жергілікті билік TikTok-тың балаларға арналған жағымсыз контент пен ересектерге жалған ақпарат таратқанын айтады. Республиканың мәдениет министрлігі әлеуметтік медиаға қатысты шешімді былай деп түсіндіреді.
«TikTok қосымшасы туралы заңның қабылдануына «Қырғыз Республикасындағы балалардың денсаулығы мен физикалық, интеллектуалдық, психикалық және рухани-адамгершілік дамуына зиян келтірудің алдын алу шаралары туралы» құжаттың талаптарын орындамауы себеп болды. Онда балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпарат түрлері көрсетілген», – Қырғыз Республикасының Цифрлық даму министрлігі.
Қазір елімізде TikTok қосымшасын 14 млн-ға жуық адам тұрақты қолданады. Оның көбі – мектеп жасындағылар. Тіпті қоғам арасында желіге деген сұраныс күн санап артып келеді. Жақында Мәжіліс депутаттары қосымшаны біздің елде де бұғаттау мәселесін ұсынды. Бірақ платформаны қолдану бүгін-ертең шектелмейтіні анық. Қазір ол талқылану үстінде, – дейді министрлік өкілдері.