Қытай электркөлік өндіруден озып тұр
Электр көлігін өндіру бойынша қазір әлемде Қытайға тең келер ешкім жоқ.
Атағы жер жарған неміс, жапон және американың автокомпаниялары олардың шаңына да ілесе алмай қалды. Былтыр қытай нарығында тоқпен жүретін шетел көліктерінің үлесі алғаш рет 50 пайызға төмендеген. Ал экспорт 80 пайызға өсті. Бейжіңдегі салонда қытай өндірушілері 2 секундта сағатына 100 шақырым жылдамдықты алатын электромобильді, бір секундта 1 шақырымға жететін қуат беретін батареяларды таныстырған. Тіпті алдағы қыста ұшатын көліктер шығатынын мәлімдеді. Брақ қытай компаниясы электр көліктерін ішкі нарықта арзанға, ал шетелде 3 есе қымбатқа сатады.
Томас Киефер, автонарық сарапшысы:
- "Кез келген бизнестің түпкі мақсаты пайда табу. Қазір әлемдегі электр көліктерінің үштен екісін Қытай өндіріп отыр. Олар жылдам әрекет етуде. Батарея өндірісі және басқа да интеллектуалды технологиялар жасауда қытайлар әлемде озық елге айналды."
Қытай электр көлігін өндіруде алға шықты
Қытай билігі халқын электркарларға отырғызу үшін барлық амалды қарастырып жатыр. Ресми Бейжің ескі темір тұлпарын тоқпен жүретін көлікке ауыстырған азаматқа 1 мың 400 долларға дейін үстемақы беруді жоспарлап қойған.
Қытай АҚШ билігінің үстінен Дүниежүзілік сауда ұйымына шағым түсірді. Өйткені Америкада экологияны жақсарту, көміртегіні азайтуға арналған бағдарламадағы жеңілдік қытайдың электр көліктеріне қасақана берілмей жатқан көрінеді. Дүниежүзілік сауда ұйымы арызды қабылдап алды. Ол енді жарты жыл бойы қарастырылмақ.
И. Маск аяқ астынан Қытайға барды
АҚШ азаматы электр көлік шығаратын алпауыт компания иесі Илон Маск аяқ астынан Қытайға барды. Тесла-ның Шанхайда үлкен зауыты бар. Маск Қытай премьер-министрі Ли Цянмен кездесіп, екі жақты ынтымақтастыққа сенім білдірді.
Илон Маск, TESLA Бас директоры:
"Қытай электр көліктерін өндіру бойынша алда келе жатыр. Бұл жақсы. Болашақта барлық көліктер тоққа ауыстырылады."
Саудия аккумулятор өндіреді
Бұған дейін мұнайға ғана тәуелді болып келген Сауд Арабиясы электр көліктеріне арналған аккумуляторлар шығаруды жоспарлап отыр. Бірақ Эр-Рияд бұған қажетті литийді шетелден сатып алмақ.
Бандар Әл-Хораеф, Сауд Арабиясының өндіріс және минерал ресурстар министрі:
"Біз экономикамызды әртараптандырып жатырмыз. Литий - аккумулятор өндірісінде өте маңызды минерал. Қазір үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар арқылы литийді сатып алу жолдарын қарастыру үстіндеміз."
Қырғызстан электр көлігіне басымдық береді
Көрші Қырғыз Республикасы электр көлігін пайдалануға жеңілдіктер беруді қарастыратын заң қабылдады. Жаңа құжат бойынша, электркарлардың нөмірін тіркеу барысында және айыппұл төлеген жағдайда 50 пайыз кеңшілік жасалмақ. Бұған дейін электромобильдерді Қырғызстанға салықсыз кіргізу режимі енгізілген. Ол 2025 жылға дейін күшінде болады.