Техаста дауыл соңы тасқынға ұласты
АҚШ-тың Техас штатында соңғы аптада соққан дауыл торнадо мен толассыз жауынға ұласты, деп хабарлайды 24KZ.
Соның салдарынан 43 елді мекенде су тасып, жолдар жабылды. Табиғи апат кезінде 3 адам опат болды.
Штатта кешеден бері жаңбыр басылған. Бірақ қазір көптеген елді мекенді су басып жатыр. Құтқарушылар бірнеше күнде үйлерден, шатырлардан, көліктерден жүздеген адамды құтқарды. Дауылдан 160 000 адам электр қуатынсыз қалды. Табиғи апат кезінде опат болғандар бар.
Грег Эботт, Техас штатының губернаторы:
- Біз қазір қанша адам қайтыс болғанын нақты айта алмаймыз. Қолда бар мәлімет бойынша соңғы бірнеше күн ішінде болған табиғи апаттардан 3 адам опат болды. Конро қаласы басқармасының бір полицейі торнадодан көз жұмды. Джонсон округында 4 жасар бала мен Боске округінде ер адамды су ағызып әкетті.
Қазір Сан-Хасинто өзенін бойлаған бірқатар елді мекенде жолдарды су басып, қатынас үзілген. Ұлттық метеорологиялық қызметтің мәліметінше, соңғы аптада Хьюстоннан солтүстік-шығыста орналасқан Ливингстон көлі аймағында 58 сантимер, ал Харрисон округында 43 см жауын-шашын түскен.
Лина Идальго, Харрис округының судьясы:
- Ауа райының қолайсыздығына байланысты көптеген адамдар өз үйлерінен кетуге мәжбүр болды. Эвакуация тұрғындарға көп қиыншылық тудырып жатқанын түсінемін. Дегенмен су тасқыны өте қауіпті екенін ескеруіміз қажет. Сондықтан кеңестерімізге құлақ асып, қауіпсіз жерлерге көшкен азаматтарға алғысымды білдіремін.
Осы жолғы дауылдан Техас штатының 91 округы зардап шекті. 800-дей ғимарат бүлінді. Бірақ штат губернаторы: «бұл нақты сан емес, Шығын көлемі әлі де анықталады», – деп отыр.
Авторы: Айжан Сыдықова.