Су тасқыны. Спортшылар Париж Олимпиадасынан бас тартып жатыр

Әлемдегі кейбір елдер су тасқынын әлі тежей алмай жатыр. Ауғанстанда табиғи апаттан көз жұмғандар саны 315 адамға жетті.

Үлкен судың зардабын көршілес Қытай, Бразилия да тартып жатыр.

Сіздерге бір қызық айтайын. Алапат су басқан Бразилияда спортшылар Париж Олимпиадасына барудан бас тартып, іріктеу жарыстарына қатысудың орнына табиғи апаттан зардап шеккен жерлестеріне көмектесіп жатыр.

Қиналған халқы үшін олимпиададан бас тартты

Бразилияда тасқын салдарынан қайтыс болғандар саны 143 адамға жетті. Тағы 125 кісі із-түссіз жоғалып кеткен.

Үкімет шұғыл түрде бюджеттен 2 миллиард 34 миллион доллар көмекқаржы бөлді. Баспанасыз қалған тұрғындар саны жарты миллионнан асады.

Осындай ауыр жағдайға тап болған елдің әлемдік деңгейдегі спортшы азаматтары Олимпиадаға барудан бас тартып, тасқыннан зардап шеккен халықпен бірге жүр. Еріктілер арасында сөрфингтен әлем және Олимпиада чемпионы Итало Феррейра, ескекшілер Эвальдо Беккер мен Пьедро Тухтенхаген, су жарысына жолдама алған жүзгіш Вивиан Джунгблут бар. Құтқару жұмысына дзюдодан Бразилия Олимпиадасының ерлер құрамасының жаттықтырушысы Антонио Карлос Кико Перейра да қосылған.

Эвальдо Беккер, ескекші:

- Мына су тасқыны үйлерді ғана емес, біздің армандарымызды да шайып жатыр. Бәріміздің арманымыз – Жазғы Олимпиадаға қатысу еді. Бірақ халқың жапа шегіп жатқанда, Олимпиаданың өзі тартпайды екен. Дәл қазір біздің ел үшін ең қажеті – бір-бірімізге көмектесу, адамдарды құтқару. Осы жолы орындалмай қалған арманымызды алдағы уақытта іске асыра аламыз деп ойлаймын.

Пьедро Тухтенхаген, ескекші:

- Туған аймағымызда отбасымыз, достарымыз бен әріптестеріміз тасқын судан задап шегіп жатқанда, біз іріктеу жарыстарына қатысып, құр арманмен жүре алмайтынымызды түсіндік. Эвальдо екеуміз көп кеңестік. Ақыры Олимпиада алдындағы ойындардан бас тартып, күш-қуатымызды мұқтаж халыққа көмекке жұмсауға шешім қабылдадық.

Алапат судан азап шеккен Ауғанстан

Ауғанстанның солтүстігін су басып жатыр. Таулы аймақта лай көшкіні жүрген.

2 мыңнан астам үй, 3 мешіт, 4 мектеп қирап, жараланғандар саны 1600-ден асып кетті.

2 жарым мың бас мал қырылған. Күнкөрісі егін шаруашылығы мен төрт түлікке қараған халыққа өте қиын болып жатыр.

Билікке "Талибан" келгелі сырт әлемнен оқшауланған елге гуманитарлық көмек жеткізу мүлде мүмкін емес.

Дымсыз қалдық. Ауылымызда 42 үй бар еді. Су тасқыны бәрін қиратты. Тамақ та, ауыз су да, баспана да, тіпті көрпеміз де жоқ – дейді тұрғындар.

Қытайдың оңтүстігін су басып жатыр

Қытайдың оңтүстігінде толассыз құйған жаңбыр салдарынан бірнеше қалада тасқын жүріп жатыр.

Кейбір жерде судың деңгейі 1 метрге дейін көтерілген. Көшелерді су басып, көліктерді шайып, бірнеше мектеп қирады. Құтқарушылар қайықпен жүруге мәжбүр. Су тасқыны лай көшкінін тудырып, жолдар мен егінжайларды су шайып, шаруалар қыруар шығынға батты. Қазір мамандар көлемін есептеп жатыр. Метеорологтар алдағы 10 күн бойы жауын-шашын басылмайды, керісінше үдей түседі деп ескертті.

Дэн Цзюньцзе, апаттық құтқару бригадасының қызметкері:

- Ауа райы қолайсыз болып тұр. Алдағы екі күн қауіпті. Тұрғындарға далаға шықпауға кеңес береміз. Найзағай түсіп бұршақ жаууы мүмкін. Әсіресе таулы аймақтарда сел жүру қаупі басым. Дайындықты күшейттік. Су тасқынының екінші легі болуы мүмкін.

Биыл су тасқыны әлем елдерін ерекше әбігерге салып жатыр. Тіпті жаңбыр жауа қоймайтын Арабия және Африканы да тасқын шайды. Бұған сарапшылар 2 түрлі себеп бар дейді.

Біріншісі – климаттың өзгеруі. Екіншісі – урбандалу деңгейінің қарқынды жүруі.

Мамандардың айтуынша, тасқыннан қорғанатын 2 амал бар. Біріншісі – су жүретін аймақтардан халықты көшіру. Екіншісі – су бөгеттерін көптеп салу.

Ернат Мелсұлы, 24.KZ