Германияда экобелсенділер шеруі жалғасып жатыр

Олар америкалық Тесла электромобилі өндірісінің ұлғаюына қарсы.

Табиғат жанашырларының айтуынша, көлік өндіру қоршаған ортаға зиян. Өндіріс кеңейсе 100 гектар орман оталуы мүмкін.

Германиядағы Тесла компаниясы осыдан 2 жыл бұрын ашылды. Қазір фабрика 12 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда тәулігіне мыңнан аса электрмобиль жасалып, Еуропа елдеріне нарыққа шығарылады. Зауыт жұмысына әу-баста қарсылық танытқан экобелсенділер бірнеше айдан бері өндіріс орнын қоршап алған. 1 жарым мың адам сол маңда шатыр тігіп, орман алқабын қатаң бақылап отыр. Өйткені зауыт кеңейген жағдайда бұл ағаштар толығымен жойыла ма деген қауіп бар.

Вилли Подайн, экобелсенді:
-
Халық арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, тұрғындардың 60 пайызы орман алқабын Тесла компаниясына сатуға наразы. Соған қарамастан келіссөздер жалғасуда. Біз әр адамның ойы мен пікірі еленетін еркін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Компания біз үшін шешім шығармауы керек.

Өткен аптада ахуал тіптен ушығып кетті. Экобелсенділерден бөлек Грюнхайде қаласының мыңдаған тұрғыны наразылық акциясын ұйымдастырды. Жүздеген шеруші фабриканың ғимаратына заңсыз өтпек болды. Тұрғындарды тарқату үшін полицейлер амалсыз көзден жас ағызатын газ қолданды. Осы себепті фабрика уақытша көлік өндірісін тоқтатты. Ал экобелсенділер зауыт маңынан бір қадам алыстаған жоқ.

Люк Валли, экобелсенді:
-
Зауыт жұмысы шамадан тыс суды қажет етеді. Сол жердегі орман ағаштарын да түгел кесіп тынады. Ресурстар концернге емес, халыққа тиесілі болуы керек. Біз мұнда 20 мамырға дейін боламыз. Егер Тесла жоспарынан бас тартпаса, шеруді жалғастыра береміз. Біз жеке көліктерге емес, қоғамдық көлікке көбірек инвестиция салуды жөн деп санаймыз. 

Осы аптада билік электрмобиль зауытын кеңейту туралы нақты шешім қабылдауы қажет. Егер тұжырымдама бекітілсе, жоспар бойынша орман алқабы 100 га жасыл желегінен айырылады.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Шолпан Найманбаева