Әлем алиментін қалай төлеп жүр?
Әлемнің кедей елдерінде балаға алимент төлеу қарастырылмаған.
Мәселен, Филиппинде бала кәмелетке толғанша алимент төлеу көзделгенімен қаржылай мүмкіндігі жоқ болса, одан бас тарту оп-оңай.
Ал кей елдерде керісінше жаза қатаң. Заңнан жалтарғандар темір торға тоғытылуы мүмкін. Мұндай елдер тізімінде Франция, Оңтүстік Корея, Түркия бар. Алимент төлеу әлем елдері тәжірибесінде қалай жүргізіледі?
Ирак
Әлемде балаға алимент төлеу мүлдем қарастырылмаған бірнеше ел бар. Мәселен, Иракта жылдар бойы жалғасып келе жатқан саяси-экономикалық дағдарыстың кесірінен балаларды қолдау екінші орынға ысырылған. Соның кесірінен 1 миллион 300 мыңдай бала зардап шегіп отыр. Оның 500 мыңы гуманитарлық көмекке мұқтаж.
Саяси тұрақсыздық пен экономиканың құлдырауына байланысты мұнда алимент төлеуге қатысты заңдарды орындау үшін ресурс жеткіліксіз. Иран, Вьетнам, Пәкістан, Бангладеш, Индонезия, Сирия, Гана, Нигерияда да осыған ұқсас жағдай.
Таиланд
Ал Таиландта ата-ананың екеуі де бала 20 жасқа толғанша оны қаржылай қолдауға міндетті. Егер ата-анасы заңды некеге тұрмаса, әкесінің бала алдында ешқандай міндеттемесі болмайды. Тай елінің заңы некесіз туған баланың тәрбиесімен де анасының ғана айналысуына талап қояды.
Оңтүстік Корея
Оңтүстік Кореяда керісінше тәртіп қатал. Алимент төлеуден жалтарған ата-анаға бір жылға дейін қамауға алу немесе 8 мың доллар шамасында айыппұл салу қарастырылған. Сондай-ақ борышкерлерге елден кетуге тыйым салынады.
Тіпті, олар туралы деректер қоғамдық веб-сайттарға жүктеліп, бақыланып отырады. Ақпарат тек жалтарушы өмірден озса, банкрот болса, жоғалып кетсе немесе қарызын өтеген жағдайда жойылады.
Франция
Францияда да алименттен жалтарғандарға жаза ауыр. Борышкер 2 жыл бас бостандығынан айырылуы немесе 15 мың еуроға дейін айыппұл арқалауы мүмкін. Ал алимент төлемінің мөлшері сот арқылы бекітіледі.
Бельгия
Бельгияда сотпен белгіленген алиментті төлемегені үшін ата-анасы жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.
Елде мұндай төлемді тоқтата алатын 50-де 50 деп аталатын жүйе қарастырылған. Мәселен, бала аптаның жартысын әкесімен өткізіп, келесі жартысын анасына арнаса, ата-ананың екеуі де алимет төлеуден толық босатылады.
АҚШ
АҚШ-та алимент төлеу тәртібі мемлекеттік деңгейде анықталғанмен әр штаттың өзіндік ерекшелігі бар.
Мысалы, Нью-Йорк штатында төлем мөлшері ата-ананың бірлескен табысынан есептеледі. Бір балаға жалпы табыстың 17%, екеуіне 25%, үшеуіне 29% төленеді.
Баламен бірге тұрмайтын әкесінің не анасының табысы жұбайынан асып кетсе, қажетті соманың 60%-ын аударуға міндетті. Құрама штаттарында алимент бала 21 жасқа толғанға дейін төленеді. Егер балада мүгедектік анықталса, ол жастан кейін де төлене береді.
Әсия Нұрлыбаева, 24.KZ