Қырғызстанда Нұржұман Ықтымбаев туралы фильм көрсетілді
Қырғызстанда Қазақстанның халық әртісі Нұржұман Ықтымбаевтың шығармашылық жолын баяндайтын деректі фильмнің таныстырылымы өтті.
Отандасымыз айырқалпақты ағайынға жақсы таныс. Ол қырғыз режиссерлері түсірген фильмдерде бірқатар рөлді сомдаған.
«Ыстық көлдің алқызыл көкнәрі», «Қатал», «Мен - Тянь Шаньмын». Бұлар - қырғыздың Толомуш Океев және Болотбек Шамшиев сынды атақты режиссерларының кинотуындылары. Нұржұман Ықтымбаев осылардың әрқайсысында белді рөлдерді сомдады.
Нұржұман Ықтымбаев, Қазақстанның халық әртісі:
- Мен қырғыз халқын не үшін жақсы көреміз? Қырғыз көрермені үшін мен 7-8 рөл ойнадым, қазақ актерлерінен мұнша рөлді ешкім сомдаған жоқ деп сеніммен айта аламын. Сондықтан үлкен ризашылықпен және ынтамен осында келдім, мен туралы деректі фильм көрсетілді.
Нұржұман Ықтымбаев - мейірімсіз кейіпкерлерді де, жағымды образдарды да шебер ойнай білген дара талант. Оны ресейлік және америкалық режиссерлар бір ауыздан мойындайды. Актер әртүрлі жанрдағы 86 рөлді нақышына келтіре сомдаған. Ықтымбаев туралы деректі фильм халық әртісінің 80 жас меретойына орай Мәдениет және ақпарат министрлігілінің тапсырысымен түсірілген.
Сатыбалды Текеев, сценарист:
- Егер талант болмаса, актерліктен түк пайда жоқ. Қанша тырыссаң да көрерменнің жүрегін жаулай алмайсың, бірақ шабытсыз қиын болады. Деректі филмьнің негізгі мәні осында - жастарға осындай мықты талантты актерлардың болғанын көрсету, олардың өнері үлгіге айналуы керек.
2018 жылы Қырғызстандағы «Ақ Илбирс» халықаралық кинофестивалі кезінде қазақ актері әлемдік киноға қосқан өлшеусіз үлесі үшін арнайы жүлдеге ие болды. Кино саласының мамандары Нұржұман Ықтымбаевтың бауырлас қазақ пен қырғыз өнерінің арасындағы алтын көпірге айналғанын мақтанышпен айтады.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Бақыт Чермашев