Ұлыбританиядағы сайлау шілдеде өтеді

Ұлыбританияда үкімет басшысы мен билік партиясын таңдайтын күн бекітілді, деп хабарлайды 24KZ.

Премьер-министр Риши Сунак жалпы сайлау 4 шілдеде өтеді деп мәлімдеді. Жергілікті заңға сай ауқымды саяси іс-шара алдында парламент таратылып, сайлауалды науқан басталады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Премьер-министр Риши Сунак нөсер жауынға қарамастан Даунинг-стриттегі резиденциясының алдында сөйлеген сөзінде қысқа мәтінді баяндама жасады. Өз үкіметінің қиын кезеңде қол жеткізген жетістіктерін мақтан тұтатынын айтты. Британ экономикасы қарқынды өсуді жалғастырып жатқанын және инфляция қалыпты деңгейге оралғанын атап өтті.

Риши Сунак, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Бүгін мен Ұлы мәртебелімен парламентті тарату туралы сөйлестім. Үшінші Чарльз патша өтінішімді қарастырып, 4 шілдені Жалпы сайлау күні деп жариялады. Бұл саяси дода қырғи қабақ соғыс аяқталғалы бері әлемге қауіп төнген кезде өткелі тұр. Алда не болатыны беймәлім, бірақ менің және мен басқаратын үкіметтің нақты жоспары бар.

Риши Сунак өз сөзінде лейбористерді сынға алып, келесі бірнеше апта ішінде әрбір дауыс үшін күресетінін мәлімдеді. Билік партиясының бас қарсыласы лейбористер көшбасшысы Кир Стармер болса: «бұл – Ұлыбританияның асыға күткен күн. Ел мен қоғамды өзгертетін уақыт келіп жетті», – деді.

Кир Стармер, Лейбористер партиясының көшбасшысы:

- Ипотекалық несиелер қымбаттап, азық-түліктің ақысы аспандап тұр. Аурухана кезегін күткендер көп. Қылмыс та көбейді. Бұл бейберекетсіздікке тек өз пайдасын ойлайтын Вестминстердегі Тори кінәлі. Егер олар тағы 5 жылға сайланатын болса, дәл осылай жалғасып, ештеңе де өзгермейді.

Саяси шолушылардың пікірінше, сайлауалды науқанда Сунак елдегі экономикалық ахуалды басты жетістігі ретінде пайдалануға тырысады. Дегенмен сыншылар: «елдегі қолайлы жағдай Ұлыбритания үкіметінің жүргізген саясатымен емес, әлемдік экономикамен көбірек байланысты», –  дейді. Ал қарапайым халық сайлаудан оң өзгерістер күтетінін айтады.

Сауалнама:

- Мен билікке жөні түзу адам келіп, дұрыс саясат жүргізеді деп үміттенемін. Өйткені бізге өзгеріс қажет.

- Екі саясаткер де Израильге қолдау білдіріп, моральдық және саяси тұрғыда сыбайлас екендерін дәлелдеді. Мен олардың ешқайсысына дауыс бермеймін.

Ал сауалнамаға қарағанда консерваторлар лейбористерден айтарлықтай артта қалып отыр. Билік партиясы 2022 жылдың соңында рекордтық деңгейге жеткен инфляцияны ырыққа көндіргеніне қарамастан беделін арттыра алмады. Жеңістен үмітті кандидаттардың арасында Ұлыбритания реформаторлары, либерал-демократтар және Жасылдар партиясы бар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.