Мысырдағы көне жәдігерлерді виртуалды түрде көруге болады
Тарих пен технологияны біріктірген Мысыр мұражайлары мен танымал Meta компаниясы тың жоба әзірледі. Ол Мысырдың көне ескерткіштерге толы асыл мұраларын тамашалауға ағылатын туристер үшін көмекші құрал болмақ. Яғни, мұнда келген адам ерте заманда жүргендей күй кешеді. Жәдігерлерді сол заманның көзімен көреді.
Мысыр – тарихи жәдігерлерге бай шаһар. Қаланың Ескі мұражайында 3 мың жылдық құнды ескерткіштер сақталған. Мұнда келген әр турист енді оларды виртуалды құралдың көмегімен көре алады. Яғни, бүгінге дейін сақталған жәдігерлердің әуелде қандай болғаны туралы ақпарат ала алады. «Озық технология халықтың, әсіресе жастардың елдің бай мұраларын көбірек танып білуіне жақсы көмек», – дейді мұражай басшысы.
Али Абдельхалим, Мысыр мұражайының бас директоры:
- Көне артефактілерді бір топтамаға біріктіріп, оған «Жаңғыру» деген атау бердік. Яғни, ескіге жаңаның көзімен қарау арқылы ескерткіштерге жан бітірдік деп айтсам болады. Әр жәдігер – бір тарих. Сондықтан оларды жай аралап көру жеткіліксіз. Мәселен, бізде патшайым Хатшепсуттың бас мүсіні бар. Бұл – Мысыр тарихында ерекше орын алатын құнды жәдігер. Дегенмен ол толық сақталмаған. Ал мына құрылғы арқылы келушілер мүсіннің бір кездері қандай болғанын көреді.
Келушілер арнайы QR-кодты сканерлеп, Instagram арқылы елдегі кез келген ескерткіштің толық нұсқасын көре алады. Meta компаниясымен жарты жыл әзірленген жоба виртуалды шындыққа негізделіп жасалған. Құрылғы жәдігер туралы араб және ағылшын тілдерінде мәлімет береді.
Али Абдельхалим, Мысыр мұражайының бас директоры:
- Біз әсіресе жастар жағын көбірек тартқымыз келеді. Өйткені оларды тың дүниемен ғана таңғалдыруға болады. Тарихи ескерткіштер оларды тез зеріктіріп жіберуі мүмкін. Сондықтан бұл жоба негізінен тарихты барынша қызықты етіп жеткізуді көздейді. Ал жастар технологияға құмар ғой. Сондықтан бұл жақсы шешім деп ойлаймын.
Жоба Мысырдың тарихи мұраларын сақтап, елдің мәдениетін әлемге танытуға бағытталған. Ресми дерекке сүйенсек қазір ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізімінде бұл мемлекеттің 1223 жәдігері бар. Осы ретте Meta басшысы: «Жоба Африка мен Таяу Шығыс елдері жастарының ежелгі өркениетке деген қызығушығын жандандыруға септігін тигізеді», – дейді.
Авторы: Фариза Жанғанаева.