Дизельмен жүретін көліктердің Нью-Делиге кіруіне тыйым салынады
Үндістан астанасы Нью-Делиде бүгіннен бастап дизельді отынмен жүретін жүк көліктеріне шаһарға кіруге тыйым салынады.
Сонымен қоса қала әкімшілігі өнеркәсіптік орындар мен құрылыс нысандарының жұмысын қатаң бақылауға алады. Бұл ауаның ластануымен күрес мақсатында қабылданған шаралар. Өйткені ауадағы зиянды заттардың мөлшері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен рұқсат етілген межеден 130 есе асып кеткен. Содан тыныс алу жолдарының аурулары асқынып, дәрігердің көмегіне жүгінген тұрғындар саны артты. Ал көк түтіннен Нью-Делиде көру мүмкіндігі нашарлап, көлік қозғалысы қиындаған. Ұшақтар мен пойыздар кешігіп жатыр. Үндістан астанасындағы экологиялық ахуалдың нашаралауына көліктің көптігі себеп. Сосын көмір жағу арқылы жұмыс істейтін өнеркәсіптік нысандар аз емес. Бұдан қалды, шаруалар да масақ өртеп, жағдайды қиындатып жібереді.