Алматыдан шыққан алғашқы туристік пойыз Ташкентке жетті

Осыдан 2 күн бұрын Алматыдан жолға шыққан Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алғашқы туристік пойыз бүгін Ташкентке жетті.

Жобаны біздің ел тарапы қолға алған. Оған қазақстандық тур компаниялар мен бауырлас мемлекеттің туризм комитеті серіктес атанып отыр. Бағдарлама аясында жолаушылар Түркістан мен Ташкенттің көрікті жерлерін, әсем табиғаты мен тарихи орындарын аралайды. «Алматы-Түркістан-Ташкент-Алматы» бағытындағы рейс алдағы уақытта айына екі мәрте жолға шығуы мүмкін. «Жібек жолы» пойызының қызметіне шетелдік туристер де жүгіне алады. Билет құнына үш мезгіл тамақтану, қалаларды аралау және кәсіби гид қызметі кіреді. Мәселен, осы жолы саяхатшылар Түркістанның Арыстан баб, Қожа-Ахмет Яссауи кесенелерін аралап, Отырар қалашығы мен Керуен сарай кешенін тамашалаған. Содан кейін Ташкентке аттанған. Мұнда олар екі күн аялдайды. Арнайы туристік автобус беріледі. Пойыз құрамына Қазақстанда шығарылған, бұрын-соңды басқа бағыттарда қолданылмаған 5 жаңа вагон қосылды. Вагондардың сырты мемлекеттік нақышқа сай безендірілсе, ішкі бөлігі ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген. Ал мейрамхана ұлттық және еуропалық тағамдар мәзірін ұсынады. Айта кетейік, пойыз билеті тур компаниялар арқылы сатылымға шығады. «Оның құны шамамен 150 мың теңге», - дейді жолаушылар.

Әнуар Ахметжанов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Осы жоба арқылы алдағы уақытта еліміз бойынша толыққанды туристік бағыттарды ашқымыз келеді. Мәселен, Астанадан Алакөлге, Алматыға, сосын Түркістаннан Ақтауға қарай дәл осындай туристік пойыздарды шығару жоспарымыз бар. Қазір заманауи вагондарды көптеп іске қоса аламыз. Оған әлеуетіміз жетеді. Егер туристік ағын артатын болса, қосымша пойыздар шығарамыз. Оның үстіне бізге 2025 жылы швейцариялық жаңа вагондар келе бастайды. Мұның бәрі біздің мүмкіндігімізді арттырады.

Жұлдыз Рақмет, журналист, тревел блогер:

- Өзбекстан мен Қазақстанның тарихы тереңде жатқан «Жібек жолы» бағыты бойынша еуропалық туристерге қызық деп ойлаймын. Бұл енді пилоттық жоба ғой. Алдағы уақытта қызығушылық тудырып, іске қосылса, әрі қарай Самарқанд, Бұқара, Хиуаға дейін жететін болса нұр үстіне нұр болады деп ойлаймын.