Түркияда сәбилер арқылы пайда таппақ болған қылмыстық топ сотқа тартылды
Түркияда шақалақ саудалап, пайда таппақ болған қылмыстық топ ісі бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды 24kz.
Олардың әрекеті бүкіл елді дүр сілкіндіріп, қоғамда дүрбелең туғызды.
Атышулы іс бойынша медицина қызметкерлерінен құралған қылмыстық топқа бірнеше айып тағылып отыр. Ақ халаттылардың заңсыз әрекетінен бейкүнә сәбилер көз жұмған.
Түркия Бас прокуратурасының мәліметі бойынша жаңа туған сәбилер, әсіресе, қарқынды терапияға мұқтаж болғандар мемлекет тарапынан қаржыландырылатын білікті медициналық мекемелерге жіберілмей, жеке ауруханаларға ауыстырылған. Бұл клиникалар қылмыстық топпен бірігіп, балаларды жеке пайда табу үшін пайдаланған. Тергеу барысында көптеген сәбидің осылай ажал құшқаны анықталды. Кей балалар ұзақ уақытқа ауруханаға жатқызылған. Ал кейбіреуіне қарқынды терапия мүлдем қажет болмаса да, олар жансақтау бөлімдеріне орналастырған.
Хажире Акынжы, зардап шегуші:
- Ауруханаға барғанымызда олар: «Баланың жағдайы ауыр», деді. Сейсенбіде барғанымызда, баламның қайтыс болғанын айтты. Олар бізге медициналық есеп берді, онда баланың табиғи себептерден қайтыс болғаны жазылған. Бірақ шын мәнінде бұл олай емес екен. Біз тек өткен айда жағдайдың шын мәнінде басқаша болғанын білдік. Мен әділдіктің орнағанын қалаймын. Мен бұл баламды 8 жыл бойы емделіп, әрең дүниеге келтірген едім.
Чиидем Сары Нурай, зардап шегуші:
- Ұлым 2019 жылдың 25 шілдесінде дүниеге келді. Ол 19 күн бойы инкубаторда түрлі диагноздармен жатты. Бізге «эпилепсия, нейрологиялық мәселелер бар», деді. Содан кейін 19-шы күні олар миына шунт қоюымыз керек деп айтты. Біз оны ауруханадан шығарып алдық. Себебі диагноздар қайта-қайта өзгерді. Бірақ ол 19 күн бойы нейрологиялық дәрілер қабылдағандықтан, қазір кеш дамып жатыр. Кеш жүрді, әлі де сөйлей алмайды. Сондықтан біз тергеу жүргізу үшін өтініш бердік және әділдік іздеп осында келдік.
Жалпы алғанда 47 адамға қатысты іс қозғалған. Оның 22-сі қамауда. Айыпталушылардың ішінде дәрігерлер, медбикелер, медициналық мекеме қызметкерлері және бірқатар жеке ауруханалардың өкілдері бар. Олардың барлығына жалпы есеппен 582 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау талап етілуде. Сонымен қатар сот процесіне қатысқан 19 жеке аурухана да жауапқа тартылуда.
Жағдайға қатысты сот алдында наразылық шеруін ұйымдастырған оппозициялық партия өкілдері қылмыстық топты қолдағандардың жауапқа тартылуы керек екенін атап өтті. Олар мемлекеттік қызметкерлер, әсіресе, Денсаулық сақтау министрлігі бұл оқиғаға тікелей жауапты деп отыр.
Мұрат Эмир, Оппозициялық республикалық халық партиясының депутаты:
- Денсаулық сақтау министрі сол кездегі облыстық денсаулық сақтау директоры, тексеріс жүргізбегендер, міндетін орындамағандар, оларға көп ақша төлегендер және бұл қылмыстық топты қолдағандардың бәрі бірінші кезекте кінәлі.
Тергеу аясында Ыстамбұл мен Текірдағта 10 аурухананың лицензиясы қайтарылып алынды. Ел президенті Режеп Тайып Ердоған жағдайды жіті бақылауға алғанын айтып, оппозициялық топтарды оқиғаны саясиландырмауға шақырды.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Бейкүнә сәбилердің жаназасы мен олардың отбасының қайғысы арқылы саясат жүргізу – бұл ар-намысқа сызат түсіруден басқа еш нәрсе емес. Бір топ арсыздың кесірінен дәрігер, медбике, акушер, аурухана қызметкерлері, техникалық мамандар, ассистенттер мен профессорлар, шамамен 1,5 млн адам жұмыс істейтін денсаулық сақтау саласын ешкім күмәнді жағдайға түсіре алмайды. Материалдық пайда табуды мақсат еткен бұл қаныпезерлердің, пәк сәбилердің өмірімен ойнағандардың қайтадан күн жарығын көрмеуі үшін мен Президент ретінде бұл мәселені тікелей бақылап отырамын.
Кемал Мемишоғлу, Түркияның Денсаулық сақтау министрі:
- Біз, Денсаулық сақтау министрлігі мен денсаулық сақтау қызметкерлері, бұл істі «жаңа туған сәбилердің дұшпандары» деп қана емес, сондай-ақ оларды «адамгершілікті аяққа таптаған топтар» деп атаймыз. Біз оларды «шіріген жұмыртқалар» деп атаймыз. Себебі біз бұлардың адамдық қасиеті жоқ екенін, тіпті денсаулық сақтау мамандары болудан да алыс екенін білеміз. Біз осындай топтарға қарсы үзбей күрес жүргізіп келеміз және бұл күресті болашақта да жалғастырамыз.
Тергеу барысында қылмысты ұйымдастырушылар – дәрігерлер Фырат Сары мен Илкер Гөненге 10 айып тағылып, жалпы алғанда 582 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуда. Оларға қасақана кісі өлтіру, ұйымдасқан алаяқтық, қылмыс жасау мақсатында ұйым құру, жалған құжаттар жасау және басқа да қылмыстар бойынша бірнеше айып тағылған.
Авторы: Меруерт Қанағат