Қауіпті қызметтерде жұмыс істейтіндердің 90%-тен астамы ер адамдар
Әлем елдерінде демографиялық тепе-теңдік әртүрлі. Кейінгі отбасын құру мен балалы болу көрсеткіші төмендеген елдер саны артқан, деп хабарлайды 24kz.
Бұның себебі неде?
Жер бетінде бір қарағанда әйелдер көп сияқты. Дегенмен, әлемде 4,10 млрд ер адам бар. Бұл жалпы халықтың 50,28%-іне тең. Ал, әйелдер саны – 4,06 млрд. Бұл тиісінше, халықтың 49,72%-іне тең. Демек, әлемде ер адамдар әйелдерге қарағанда 45,25 млн-ға көп. Көп елде әр 100 жаңа туған қызға 105 ұл баладан келеді. Халқы ең көп екі ел, Үндістан мен Қытайда ерлер популяциясы айтарлықтай жоғары. Дәл осы елдер әлемде ер адамдар санының таралуын анықтайды.
Сондай-ақ, араб елдерінде 100 әйелге 247 ерден келеді. Жар таңдау түгілі, жар табу қиын болып көрінер. Дегенмен, Парсы шығанағының ер-азаматтары әлемде ең көп әйел алатындар. Ал, Исландияда ерлер санының басым болғаны соншалық, үкімет елге келіп, исландиялық азаматқа тұрмысқа шыққан шетелдік қыздарға өтемақы беруге дайын.
Ерлердің 90%-і қауіпті қызметте істейді
Ерлер саны жағынан емес, еңбек нарығында да басымдыққа ие. Мәселен, ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы алшақтығы – 18,4%. Мұны сарапшылар, қауіпті қызмет түрлерімен байланыстырады. АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросының дерегі бойынша ең қауіпті төрт кәсіп – балық аулау, ағаш кесу, тікұшақ басқару, өндірістік альпинизм сияқты қызметтерде жұмыс істейтіндердің 90%-тен астамы ерлер. Яғни, жігіттердің әйелдерге қарағанда жұмыс орнында мерт болу ықтималдығы жоғары. Статистика бойынша 2017 жылы әлемде 4761 ер жұмыс орнында қайтыс болған. Ал әйелдер көрсеткіші 386 адамды құрайды. Балық аулау және аңшылық саласындағы өлім-жітім деңгейі 100 000 жұмысшыға 145 өлімнен келеді. Ерлердегі жалақы мөлшерінің көп болуы осы факторлармен түсіндіріледі.
Ерлер ақшасының көбін ащы суға жұмсайды
Ерлердің жалақысы көп бола тұра, әйелдерге қарағанда ақшасын аз жаратады. Әйелдер аз табады, бірақ көп жұмсайды. Capital One Shopping Research статистикасы бойынша әйелдер бүкіл әлем бойынша тұтыну тауарларына шамамен 35 трлн доллар жұмсайды, бұл әлемдік тұтыну шығындарының 50%-іне тең. Ал, ер адамдар алкогольді сусындар мен темекіге көп ақша жұмсайды. Қазір әлемде 206 млн адам ащы сусынға тәуелді. Одан болатын өлім-жітімнің шамамен үштен екісі ерлер арасында.
Авторы: Фариза Жанғанаева