Түркияның құқық қорғау органдары 12 мың полицеймен толығады
Түркияда құқық қорғау органдарының құрамы 12 мың жаңа полицеймен толықпақ. Бұл туралы елдің ішкі істер министрі мәлімдеді. Әли Йерликаяның айтуынша, бұл қадам қоғамдық тәртіпті жақсартуға және полицияның жұмысын жылдамдатуға бағытталған.
Түркия – Еуропадағы полицей саны ең көп ел. Ал жан басына шаққанда полиция саны бойынша Черногория мен Сербиядан кейінгі үшінші орында. Елде 336 мың тәртіп сақшысы жұмыс істейді. Ауылдық жерлерге жауапты жандармерия саны 193 мыңға жуық. Десе де 85 млн халқы бар Түркия үшін бұл жеткіліксіз. Таяу Шығыс елдерімен көршілес Түркияда ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз миграцияға және терроризмге қарсы күрес қарқынды жүріп жатыр.
Әли Йерликая, Түркияның ішкі істер министрі:
- 179 жылдық тарихы бар Түркия полициясының мақтанышы болып есептелетін әскери форма киюді армандаған жастар үшін қуанышты жаңалық бар. Біз жаңадан 12 000 полиция қызметкерін қабылдауды жоспарлап отырмыз. Олардың 9600-і – жоғары білімді түлектер, оның 8160-ы – ер адам, ал әйелдер – 1440. Сонымен бірге арнаулы орта білімі бар 2400 полиция қызметкерін қабылдаймыз, олардың 2040-ы – ер, 360-ы – әйел.
Іріктеу процесі қатаң болмақ. Үміткерлердің кәсіби және моральдық қырына ерекше назар аударылады. Кандидаттар алдымен қатаң емтиханнан өтіп, кейін полиция академияларында оқытылады. Сонымен қатар әйелдер арасындағы теңдікті қамтамасыз ету мақсатында әйел-полицейлердің санын арттыруға ерекше көңіл бөлінбек. Түркияның түрлі өңірлерінен жастарды жұмысқа шақыру туралы да бастамалар қарастырылып жатыр.
Әли Йерликая, Түркияның ішкі істер министрі:
- Біз гендерлік теңдікті сақтау және полиция қызметіндегі әйелдер санын арттыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Аймақтардан жастарды көптеп тарту жоспарымыз да бар. Жалпы алғанда жаңа сақшылар ұлттық емтихан арқылы қабылданып, Түркия полициясының қуатын арттыруға ықпал етеді.
Жаңа қызметкерлерді қабылдау шешімі Түркияның қауіпсіздік мәселелеріне, әсіресе Ыстамбұл, Анкара және Измир сияқты ірі мегаполистердегі ахуалға назар аударған сәтте қабылданған. Енді полицияның су жаңа құрамы Түркия құқық қорғау жүйесін күшейтудің негізгі құралы болмақ.
Авторлары: Меруерт Қанағат.