Statista: Былтыр әлемде 7600 адам тасқыннан опат болды

Биыл әлем тасқыннан қатты зиян шекті, деп хабарлайды 24kz.

Әсіресе, Орталық Азия, Шығыс және Батыс Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Орталық Еуропа аймағына әсер еткен табиғат апатынан жер жаһанға үлкен шығын келді.

Ғалымдардың айтуынша, экожүйенің бұзылуы, климаттың өзгеруі мен Эль-Ниньо құбылысы тасқын қаупінің одан әрі артуына ықпал етті. Қазір Ұлыбритания, Испания сияқты дамыған елдер алапат апатпен күресіп жатыр.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Халықаралық метереологиялық ұйымның мәліметіне сәйкес, жыл сайын жойқын тасқыннан жер шарына 40 млрд АҚШ доллары көлемінде шығын келеді.

Бір ғасырда бір болатын алапат су тасқыны енді жылда қайталанатын құбылысқа айналды. Аптап 50 жылда әлемді бір сілкісе, қазір 5 есе жиіледі. БҰҰ ғалымдары осылай дейді. Ал оның салдары өте ауыр.

Тасқыннан жылына орта есеппен 10 мыңнан астам адам опат болса, тағы 20 миллион кісі зардап шегеді. Statista ұйымы келтірген дерекке сүйенсек, былтыр тасқын су 7600 адамның өмірін қиды. Тағы 30 млн кісі қонысынан айырылып, апаттың зардабын тартқан. Әсіресе, Азия мен Африка елдері табиғи құбылыстан көп зиян шегеді. Азияда Үндістан, Бангладеш, Қытай, Филиппинде тасқын жиі тіркелсе, Африкада Кения, Нигерия, Судан, Эфиопия сияқты қауіпті аймақтар апатқа ұшырайды. Тасқынның әсері тек адам өмірі мен денсаулығына ғана емес, тұтас инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы мен бүтіндей экономикаға айтарлықтай зиян тигізеді.

 

Индонезияда көшкіннен кейін іздеу-құтқару жалғасып жатыр

Индонезияның Суматра аралында тасқын мен лай көшкінінен кейін із-түзсіз кеткендерді іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Оған жүзден астам құтқару бригадасы мен ондаған техника жұмылдырылған. Жергілікті төтенше жағдай агенттігінің хабарлауынша, табиғи апаттан 16 адам опат болып, 7 адам ізім-қайым жоқ. Ал зардап шеккен Каро, Паданг Лавас, Тапанули Селатан, Дели Серданг округтерінде жағдай күрделі. Тұрғын үйлер мен ғибадатханалар, ауыл шаруашылығы алқаптары бүлінген. Кей елді мекендерге апаратын көлік жолы шектеліп, қозғалыс қиындаған. «Қолайсыз күн райы әлі бірнеше күн сақталады» - дейді мамандар:.

Ахмад Африан Рангкути, Индонезия әскери қызметінің өкілі:

- Толассыз жаңбырдан жоғалған жеті азаматты іздеу қиынға соғып жатыр. Соған қарамастан, біздің бригада үйінділерді аршып, полиция мен әскердің көмегімен іздеу процесін тоқтатқан жоқ. Құтқару жұмыстары сенбіге дейін жалғасады.

 

Испанияда тасқыннан кейін ахуал тұрақтала бастады

Ал, Испанияның Пайпорта қаласында өткен айда тіркелген алапат тасқыннан кейін аймақты қалпына келтіру жұмыстары жалғасты. Құтқару тобы үйінділер мен бүлінген нысандарды қазып, ізім-қайым кеткендерді іздестіріп жатыр. Өткен айда Испанияның Валенсия, Пайпорта қаласында қатты жауыннан кейін тасқын жүріп, 220-дан астам адам мерт болды. Инфрақұрылымға зақым келіп, мыңдаған адам қонысын тастап кетті.

 

Газа секторында тұрғындар лашығын теңіз суы шайып кетті

Газа секторының орталығындағы Дейр-әл-Балах ауданында қатты жауын жауып, тұрғындар қоныстанған аумақты су басып қалды. Онсыз да барар жер, басар тауы жоқ жұрттың енді бассауғалар лашығы да жарамсыз қалды. Себебі шелектеп жауған жаңбыр лашықты тесіп өтіп, оған қоса, жағалаудағы теңіз суы сол жерді жайпап өткен. 12 мыңнан астам лашық бүлінген. Ол аздай, күн суып, қыстың қаһарына мінуі тұрғындарды әбден титықтатып жіберді. Айта кетейік, былтыр қазан айынан бері анклавтан 2,3 млн палестиналық қонысын тастап кетті.

Жергілікті тұрғын:

- Теңіз бүгін түнде тағы 2-3 метрге көтеріледі. Бұлай жалғаса берсе, теңіз суы бізді жайпап өтеді. Біз қанша жерден қоршау қойып, құм төсегенімізбен, теңіз оны шайып кетіп жатыр. Мұнан басқа барар жеріміз жоқ, әсіресе балаларымызға қиын. Күндіз жағдайды бақылауда ұстармыз, ал түнде не болатынын бір Құдай біледі.

 

Гана жұрты тасқынға дайындықты бастап кетті

Ал Гана астанасы Аккра қаласы тасқынға дайындықты бастап кетті. Жергілікті билік су басу қаупі төнгенін хабарлап, шұғыл ескерту жариялады. Қазір елде тасқыннан қорғау және алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Ал тасқынға төтеп бере алмайтын аймақтың тұрғындарын мамандар қауіпсіз жерге көшірді. Өйткені Аккрадағы біраз үй ойпатты жерде орналасқан.