Өзбекстанда аз қуатты АЭС салу жөнінде конференция өтті

Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан мен Өзбекстан атом энергетикасын дамытуға ерекше ден қоя бастады, деп хабарлайды 24kz.

Көп ұзамай көршімізде аз қуатты АЭС іргесі қаланады. Біздің елде де энергетикалық нысанды салуға қатысты референдум өтіп, жобаны жан-жақты зерделеу ісі қолға алынды.

Бұл бағыттағы жұмыстардың бастамасын Ұлыбританияның экс-министрі, энергетика саласы бойынша халықаралық сарапшы Тим Йо жоғары бағалады. Ол Ташкентте «Ядро көкжиегі: аз қуатты АЭС салу және энергетикалық жүйелерді интеграциялау» тақырыбында өткен конференцияға қатысып, өз ойын білдірді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Ұлыбританияның бұрынғы қоршаған орта министрі Тим Йо қазір энергетика саласын тереңінен зерттеп жүрген маман. «Жаңа атом қуаты» атты халықаралық ұйымды басқарады. Осы күні оның Орталық Азияға басқан қадамы қазақ пен өзбектің ірі энергетикалық жобаларды қолға алу кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Сарапшының сөзінше, алақандай ғана аумақты алып жатқан Еуропа жүздеген атом реакторымен әйгілі. Басым бөлігі жұмыс істеп тұр. Кәрі құрлық соның көмегімен тұтас аймақтық деңгейде прогресс жасап, өндірістік әлеуетті арттырып келеді.

Тим Йо, NNWI ғылыми-зерттеу орталығының басшысы (Ұлыбритания):

- Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері жасыл энергияны өндіру бағытында тиісті жобаларды қолға алып жатқанын көріп отырмыз. Жаңартылған энергия көздері, атап айтқанда күн, жел, су электр станциялары қажеттілікті үнемі жауып отыруға қауқарсыз екенін түсінуіміз керек. Ал АЭС үздіксіз электр энергиямен қамтамасыз ете алады. Осы тұрғыдан қос елдің таңдаған бағыты өте орынды саналады.

Халықаралық сарапшы атом электр станцияларының қауіпсіздігіне қатысты қоғамда түрлі пікір барын біледі. Кейбір керағар көзқарастан хабардар. Дегенмен, екіұшты мәселеде тек ғылыми тұжырымға сүйену керектігін айтады. Өз кезегінде физик-ядрошылар атом энергетикасының қарқынды дамығанын алға тартады.

Тим Йо, NNWI ғылыми-зерттеу орталығының басшысы (Ұлыбритания):

- Мен атом электр станцияларының қауіпсіз екеніне сенімдімін. Кейінгі 3 жылда біз Еуропалық комиссияға аталған энергия көзінің қауіпсіз әрі таза екенін дәлелдедік. Оның адам денсаулығы мен қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік де дәл осындай пікірде. Аталған ұйым әлем елдерін осы қуат көзіне бет бұруға үндеп жатыр. Сондықтан қазақстандықтар мен өзбекстандықтарға алаңдауға еш негіз жоқ.

Сарапшының пайымын қазақстандық және өзбекстандық жетекші мамандар қостайды. Мәселен, «Узатом» басшысы Азим Ахмедхаджаев Өзбекстанда салынатын 6 реакторлы атом электр станциясы елдің энергетикалық қауіпсіздігін біршама күшейтеді деген пікірде. Бұл ретте, әлемде уран өндірісі бойынша көшбасшы Қазақстан өкілдері де тұрақты энергия тұтыну жолын таңдады. Жауапты министрліктің кешенді жоспары бойынша 2035 жылға дейін еліміздегі электр қуаты генерациясы 26,5 гВт-қа артады.

Тимур Жантикин, «Қазақстан атом электр станциялары» ақ бас директоры:

- Қазір біз 4 жобаны қарастырып жатырмыз. Бұдан бөлек, Үкіметтің станция салынатын орынға қатысты қаулысын күтіп отырмыз. Оңтүстік өңірді осы іске қолайлы аймақ санаймыз. Себебі тұтыну көлемі онда көбірек. Сол жерде тағы бірқатар зерттеу жұмыстарын қолға алдық. Жобаны таңдау кезінде қоғамдық тыңдау өткізілетінін еске салғым келеді. Көп ұзамай құжат әзірлеу жұмыстары толық аяқталып, 2028-2029 жылдары ауқымды құрылыс басталады деген үміттемін.

Өзбекстанда салынатын станцияның жалпы қуаттылығы 330 мегаватқа тең. Ал Қазақстанда іске қосылатын АЭС бұдан бірнеше есе үлкен болмақ. Басты айырмашылығы, қаржыландыру көлемінде. Өзбекстандық мамандар құрылысқа шамамен 3 млрд доллар жұмсалады деп отыр. Біздің елде бұған қатысты мәлімет әзірге белгісіз. Жоба жан-жақты қаралып жатыр.

Авторы: Рауан Мыңбаев