Трамптың тарифті шешіміне Мексика қарсы жауап береді
Дональд Трамп Мексика тауарларына 25%-тік қосымша баж салығын енгізер болса, ел билігі қарап қалмай, қарсы шаралар қабылдайды, деп хабарлайды 24kz.
Президент Клаудия Шейнбаум баспасөз мәслихатында осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Мексика да америкалық тауарларға тарифті өсіреді. Сонымен қатар АҚШ 400 мың жұмыс орнын жоғалтады. Мексиканың экономика министрі баж салығы бойынша текетіреске көшудің орнына тараптарды аймақтық ынтымақтастық пен интеграцияны күшейтуге шақырды. Жуырда Дональд Трамп Мексика мен Канададан келетін барлық тауарларға 25% баж салығын енгізуге уәде берді.
«Мұндай шешім заңсыз мигранттар нөпірін тежеуге және есірткі қылмысын тоқтату үшін қабылданды», - деді жаңадан сайланған президент.