Краснодарда мазут төгілген тағы бір аумақ табылды
Краснодар өлкесінде мазут төгілген тағы бір аумақ анықталды. Кубаньдағы Темрюк ауданында төрт шақырымға жуық жағалау аумағы ластанған.
Бұдан бөлек мұнай төгінділері Анападағы «Үлкен Утриш» қорығына жақын маңда да табылды. Естеріңізде болса жуырда Керчь бұғазында 9 мың тоннадай мұнай өнімдері тиелген екі танкер апатқа ұшыраған еді. Соның салдарынан бір адам көз жұмып, тағы 26 адам эвакуацияланды. Экологтардың айтуынша, теңізге төгілген мұнай өнімдері жергілікті экожүйеге айтарлықтай зиян келтірді. Әзірге нақты шығыны белгісіз. Жергілікті биліктің бағалауы бойынша суға шамамен 3 мың тонна мазут төгілген болуы мүмкін.