Кореяда Қазақстанда тұратын корейлер туралы көрме ашылды

Оңтүстік Кореяның Паджу қаласындағы ұлттық этнографиялық музейде Қазақстанда тұратын корейлерге арналған көрме ашылды.

Келушілер назарына корей диаспорасының өмірін баяндайтын шамамен 500 фото, видео және аудиоматериалдар қойылған. Көрмеде Алматыда әлі күнге дейін шығатын республикалық «Корё ильбо» газетімен танысуға болады. Қазақстандық белгілі композитор және джаз музыканты Яков Хан туралы ақпарат ұсынылған. Барлық материалдар музейге Қазақстан корей диаспорасының өкілдері тарапынан сыйға тартылған. Құнды экспонаттардың ішінде алматылық Евгения Цхайдың атасының жазған қолжазбасы бар.

Евгения Цхай, "Koryoin Global Network" қоғамдық ұйымының президенті:

- Кітапта атамның балалық шағы, Қиыр Шығыстағы өмірі, 1937 жылы Қазақстанға көшкені туралы көп естелік, суреттерді қамти отырып жазылған. Қазақстанда өмір сүру қаншалықты жайлы болғаны және қазақ халқының қалай қолдау көрсеткені баяндалған.

Ку Мун Хи, Паджу қаласындағы Корея ұлттық этнографиялық музейінің бөлім меңгерушісі:

- Маған қатты әсер еткен жәдігер композитор Яков Хан жазған «Корей Арираны» әні болды. Ол өзінің музыкалық тұрғыдан ғана емес автордың корейлердің сезімдері мен рухын жеткізе білуімен де ерекше. Көрмеде бұл ән видеожазба түрінде ұсынылған. Оны тыңдап, көруге болады. Бұл қазақстандық корейлерді жақынырақ танып білудің тамаша мүмкіндігі.