Қытай 70 жылдан кейін зейнетке шығу жасын ұзартты
Әлемде өмір сүру жасы ұлғайып келеді. Осыдан 4 жыл бұрын жасы алпысты алқымдаған қариялар саны 1млрд 400 млн-ға жетті. 2030 жылға қарай 6 адамның біреуі 60 жастан асады.
Ал 2050 жылы көрсеткіш 2,1 млрд-қа жетіп жығылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы осындай.
Бұл – егде жастағылардың үлесі артса, зейнеткерлердің де қатары көбейеді деген сөз. Осы себепті дамыған елдердің біразы зейнетке шығу жасын ұлғайтқан. Мысалы Еуропа елдері ұзақ жұмыс өтілін құптайды. Есесіне бұл жоғары зейнетақы алуға мүмкіндік береді. Ал Азиядағы Қытай тақауда зейнет жасын ер адамдар үшін 60-тан 63-ке, әйелдердің жасын 55-ке ұлғайтты.
Чехия билігі зейнет жасын ұлғайтты
Чехияда зейнет жасы ұлғайды. Ел Президенті Петр Павел оны 65-тен 67 жасқа дейін ұзартып, тиісті реформаға қол қойды. Бекітілген заңға сәйкес, 1965 жылдан кейін туған адамдар үшін зейнеткерлікке шығу жасы жыл сайын бір айға ұзарып отырады. Бұл үдеріс 24 жылға жалғасады. Сол кезде 1989 жылы туғандардың зейнеткерлік жасы 67-ге жетеді. Ал 2026 жылдан бастап кейінгі 10 жыл ішінде зейнетақыларды есептеу қысқартылған түрде жүргізіледі. «Үкімет жаңартылған реформа 40-қа толмаған азаматтарға лайықты зейнетақы төлеу үшін қажетті қаражат көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді.
Петр Павел, Чехия президенті:
- Зейнетақы жүйесін тұрақты етудің басқа тәсілі жоқ. Зейнет жасын қазір ұлғайтсақ, бұл бізге болашақта жемісін береді.
Қытай 70 жылдан кейін зейнетке шығуды ұзартты
Көршіміз Қытайда 70 жылдан кейін алғаш рет зейнет жасын көтерді. Ел Парламенті 1950 жылдан бері бірінші рет зейнеткерлік жастың өсуін мақұлдады. Ер адамдардың демалысқа шығу жасы 60-тан 63 жасқа ұлғайса, әйелдер үшін 50-ден 55-ке өсті. Ал басшылық лауазымдағы әйел адамдар 58 жаста ғана зейнетке шыға алады. Заңға сәйкес бұл өсім келер жылы басталып, 15 жылға созылады. Сондай-ақ 2030 жылдан бастап зейнетақы алу үшін жарна төлемінің ең төменгі мерзімі 15 жылдан 20 жылға дейін ұлғаяды. Тағы бір өзгеріс, жұмыс берушінің келісімімен қызметкерлер зейнетке кейінірек шығуына болады. Бірақ бұл мерзім үш жылдан аспауға тиіс.
Ван Сяопин, Адами ресурстар және әлеуметтік қамсыздандыру министрі:
- Мемлекеттік Кеңес Қытайда заңмен белгіленген зейнеткерлік жасты біртіндеп арттыру туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл шешім елдегі ахуалды саралап, әртүрлі факторларды жан-жақты талдаудан кейін ғана қолданысқа енгізілді. Сөйтіп зейнетке шығу жасы жоспарлы және реттелген түрде жүзеге асырылады.
Уругвай Үкіметі зейнет жасын төмендетуі мүмкін
Уругвайда зейнет жасы төмендеуі мүмкін. Өткен айда Уругвайда Президент сайлауы өтіп, бұрынғы экономика министрі Яманду Орси халықтың 49,8% дауысын жинап көш басынан көрінді. Енді жаңадан сайланған Президент жүйесіне өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Ол зейнетке шығу жасын 65-тен 60-қа төмендетуге ниетті. Өйткені сайлау науқаны кезінде бағдарламасына зейнетақы жүйесін өзгерту бастамасын ұсынған. Бұл қадам жаңадан құрылған әкімшілікте қайта қаралуы мүмкін.
Камило Родригес, жергілікті тұрғын:
- Президенттікке үміткерлердің ішінде Яманду Орсиден басқасы зейнет жасын төмендету туралы референдумды қолдаған жоқ. Меніңше бұл дұрыс шешім. Үлкен заңдылыққа ие реформа, уругвайлықтардың көбіне тиімді болады. Өйткені қазіргі зейнетақы күнкөріске жетпейді. Ол жалақының бар болғаны 45%-ы ғана.
Зейнеткерлер елі
Әлемде зейнеткерлер көп тұратын ел – Жапония. 126 млн халықтың 30%-і – егде жастағылар екен. Бұл елдің зейнетке шығу жасы – 65. Ұзақмерзімді еңбек демалысына шыққан кейін зейнеткерлердің өмір сүру жасы орташа есеппен 20 жылды құрап отыр. Мұнан соң Италияда егде жастағылар көп. 60 млн тұрғынның 24,5% зейнеткерлердің үлесінде. Бұл елде ерлер мен әйелдер үшін зейнетке шығу жасы ортақ – 67 жас.Үшінші орында Германия тұр. 83 млн немістің 22,7% зейнеткерлер құрайды. Германияда да ер, әйел деп бөлмейді. 67 жастан асқан азаматтар зейнетке шыға алады. Гонконгта алпысты алқымдаған қариялар көп. Үлкен кісілердің үлесі - 21,4%. Бұл елде де зейнетке шыққаннан кейін егде жастағылар ұзақ өмір сүреді. Шамамен 20 жыл. Африка елдерінде зейнетке шыққаннан кейінгі халықтың өмір сүру ұзақтығы бар болғаны 1,5-2 жыл ғана.
Ал бізде бейнетінің зейнетіне жеткен жұрттың орташа өмір сүру ұзақтығы 11 мен 13 жыл аралығын қамтиды екен. Халықаралық Фридом Лайф халықаралық сақтандыру ұйымының дерегі осындай. Иә, еліміздегі зейнетақы жүйесі де, зейнеттен кейінгі орташа жас ұзақтығы орта деңгейде. Бұл үдеріс өмір сүру жасы ұзарған сайын ұлғая береді.
Жапония 65 жас, 30 %
Италия 67 жас, 24,5 %
Германия 67 жас, 22,7 %
Гонконг 65 жас, 21,4 %