Бельгияда тәртібі нашар оқушыларды уақытша қамауға тыйым салынды
Әлемнің бірқатар елінде сабақтан кешіккен немесе тәртіп бұзған мектеп оқушыларына қатаң шаралар қолданылады.
Оның оң нәтижесі де бар. Мамандардың айтуынша, осыдан соң оқушылардың тәртібі біршама түзеліп, мектепке уақытында келе бастаған. Жаһан елдеріндегі тәрбие мен оқыту тәсілдері туралы тілшіміз Динара Орынтайдың топтамасында.
Германия мектептерінде себепсіз кешіккен оқушыларға айыппұл салынады
2024 жылдың мамыр айынан бастап Нюрнберг гимназиясының жоғары сынып оқушылары сабақтан себепсіз кешіккен жағдайда 5 еуро айыппұл төлейді. Алайда айыппұл салынбас бұрын тәртіп бұзушыларға ескерту сабақтары өткізіледі. Егер одан да нәтиже шықпаса, айыппұл салынады. Мектеп басшылығының айтуынша, бұл шара енгізілгелі оқушылардың көбі сабаққа уақытында келетін болған. Германияның кей аймақтарында себепсіз сабақтан қалғаны үшін айыппұл көлемі 2500 еуроға дейін жетеді. Мұндай жазалар ескерту шараларына қарағанда тиімдірек деп саналады.
Бельгияда мұғалімдерге тәртіп бұзғаны үшін оқушыларға уақытша оқшаулау жазасын қолдануға рұқсат етілген болатын. Бірақ қыркүйек айынан бастап бұл ереже өз күшін жойды. Бұл әдіс оқушыларды өз әрекеттері үшін ойландыру мақсатында қолданылып келген. Дегенмен, оқшаулау орындарына толықтай тыйым салынған жоқ. Енді бұл шара тек ерекше жағдайларда, мысалы, оқушы басқаларға қауіп төндірген кезде ғана қолданылуы мүмкін. Мектептер мұндай жағдайларды мұқият тіркеп, уақытша изолятордың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.
АҚШ мектептерінде тәртіп бұзған оқушыларға арнайы жаза түрлері қарастырылған
Ал АҚШ мектептерінде оқушылардың мінез-құлқына қатысты ең кең таралған жаза «Detention class» деп аталады. Бұл жаза бойынша оқушыны сабақтан кейін белгілі бір уақытқа, әдетте жарты сағаттан 1 сағатқа дейін қалдырып, тәрбие сабақтары өткізіледі. Сондай-ақ оқушыларға өз қателіктері туралы эссе жаздырып, тәртіпті жақсартуға бағытталған басқа да тапсырмалар беріледі. Бұдан бөлек, АҚШ мектептерінде тәртіп бұзған оқушыларды қоғамдық жұмыстарға тарту, демалыс күндері немесе кешкі уақытта қосымша сабақтар ұйымдастыру сияқты шаралар да қолданылады. Кей жағдайда, оқушыларды уақытша сабақтан шеттетіп, мектептен тыс шараларға қатысу мүмкіндігін шектейді.
Динара Орынтай