Кореядағы ұшақ апаты: аман қалған 2 бортсерік ауруханаға жеткізілді

Қазір бізбен осы елдегі тілшіміз Владислав Цой телефон арқылы тікелей байланысқа шығуға дайын.

Апатқа қатысты қандай шаралар қабылданып жатыр?

Владислав Цой, тілші:

Оңтүстік Кореяның оңтүстігіндегі Муан халықаралық әуежайында жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына шассидің ақауы себеп болуы мүмкін. Осындай ақпаратты осы елдің көлік, жер және инфрақұрылым министрлігі таратты. Jeju Air әуе компаниясының ұшағында 181 жолаушы болған. Ұшақ Бангкоктан түнгі 01:30-да ұшып шығып, таңғы 8:30-да Муанда болуы тиіс еді. Апат алдында ұшақ қонуға алғашқы әрекетін жасады, бірақ ол сәтсіз аяқталып, екінші айналымға ұшып шықты. Екінші әрекет кезінде, таңғы 09:07-де, шасси істемей, ұшақтың фюзеляжына қонуына тура келді. Ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып, қоршауға соғылды. Нәтижесінде екіге бөлініп, өрт шықты. Апатқа ұшыраған ұшақ Boeing 737-800 болған. Оның бортында 175 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Қазіргі деректер бойынша 124 адамның денесі табылды. Алайда болжам көңіл көншітпейді, себебі ұшақ толықтай жанып кеткен, ал құрбандар саны 179-ға дейін жетуі мүмкін.

Экипаж мүшелерінің амандығы туралы не белгілі және жолаушылардың тірі қалуы мүмкін бе?

Өрт сөндірушілер тірі қалу мүмкіндігі өте аз екенін айтады. Адам мүрделері қатты зақымдалған, бұл идентификация процесін қиындатады. Билік қайғылы оқиғаның себептерін тергеуді жалғастыра отырып, құрбандарды іздеу және анықтау жұмыстарына басымдық беріп отыр. Бұл жұмысқа әуежай қызметкерлері, өрт сөндірушілер, полицейлер, әскери және жағалау күзеті сияқты 720 адам жұмылдырылды. Екі аман қалған экипаж мүшесі ауруханада жатыр. Олар ұшақтың артқы төтенше шығу есігі аймағында болғандықтан аман қалған. 22 жастағы Ли есімді бортсерік жолаушыларға қызмет көрсеткен және сол жақ иығын сындырып, басынан жарақат алған, бірақ есін жоғалтпаған. Екінші аман қалған, 25 жастағы Гудың жағдайы жақсы, алаңдаушылық туғызбайды. Ол: «Қозғалтқыштардың бірінен түтін шығып, содан кейін қозғалтқыш жарылды», деп мәлімдеді. 

Әуе апатының алдын ала себептері қандай? 

Апат алдында бір жолаушының туысымен хат алмасуы жарияланды. Онда: «Қанатқа құс кептеліп қалды, қона алмай жатырмыз», делінген. 41 жастағы Ю Чжэ Ён ұшақ құламай тұрып, оң қанатында ұшқын көргенін айтты. «Мен ұшақта мәселе бар екенін сезіп, отбасыммен сөйлесіп жатқанда қатты жарылыс естідім»,деді Ю. Басқа куәгер «Мен ұшақтың төмендеп бара жатқанын көріп, ол қонғалы жатыр деп ойладым. Бірақ жарықтың жарқылын байқадым», деп айтты. «Содан кейін қатты дауыс естілді, одан кейін түтін көтерілді, артынан бірнеше жарылыс болды». Апат куәгерлері ұшақ қонуға жақындағанда, оның оң жақ қозғалтқышынан жалын шығып, айналасында құстар болғанын айтты. Авиация сарапшыларының пікірінше, апаттың негізгі себебі шассидің дұрыс істемеуі. Белгілі болғандай, ұшақ барлық үш шасси тірегі дұрыс ашылмағандықтан, фюзеляжға қонуға тырысқан. Jeju Air өкілі апатқа ұшыраған Boeing 737-800 ұшағының 15 жыл бойы пайдаланылғанын және бұған дейін апатты жағдайларға ұшырамағанын атап өтті.

Айта кету керек, Муан халықаралық әуежайында ұшу-қону жолағын кеңейту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан болатын. Құрылыстың аяқталуы келесі жылға жоспарланған. Муан әуежайының ұшу-қону жолағының ұзындығы шамамен 2,8 км, бұл Инчхон халықаралық әуежайының (3,7 км) және Кимпхо халықаралық әуежайының (3,6 км) жолақтарынан қысқа. Осыған байланысты сарапшылардың пікірінше, Муан әуежайындағы ұшу-қону жолағының ұзындығы апатты жағдайларда ұшақтарды қондыру үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Бірақ Көлік, жер және инфрақұрылым министрлігі ұшу-қону жолағының ұзындығына байланысты апат болды деп айту қиын екенін, себебі осыған ұқсас өлшемдегі басқа ұшақтар ұшуын жалғастырғанын мәлімдеді.