Оңтүстік Корея министрлігі: апат себептері анықталып жатыр

Қазір бізбен осы елдегі тілшіміз Владислав Цой телефон арқылы тікелей байланысқа шығуға дайын. 

- Осы сағатқа әуе апаты туралы қандай ақпарат бар?

Владислав Цой, тілші:

- Өрт сөндірушілері хабарлағандай апатқа ұшыраған әуе кемесінің 181 жолаушысы мен экипаж мүшелері арасында 167 адамның денесі табылды. Еске сала кетейін бортта 175 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Ұшақ Бангкоктан түнгі 1:30-да ұшып шығып, таңғы 8:30-да Муанға қонуы тиіс еді. Алдымен ұшақ қонуға әрекет жасады, бірақ кейін екінші айналымға шығып кетті. Екінші қону әрекеті таңғы 09:07-де тіркеліп, ұшақтың шассиі істемей қалды. Соның салдарынан ұшақ фюзеляжға қонды. Ол ұшу-қону жолағынан шығып, қоршауға соғылды. Нәтижесінде ұшақ екіге бөлініп, өрт шықты. Апаттың салдарын жою және қаза болғандарды іздеу үшін 720-ға жуық адам тартылды,  олардың ішінде әуежай қызметкерлері, өрт сөндірушілер, полицейлер, әскери қызметкерлер мен жағалау күзеті бар. Екі аман қалған экипаж мүшесі ауруханада жатыр. Олар ұшақтың артқы төтенше шығу есігі маңында болғандықтан аман қалған. 22 жастағы Ли есімді бортсерік жолаушыларға қызмет көрсеткен және сол жақ иығын сындырып, басынан жарақат алған, бірақ есін жоғалтпаған. Екінші аман қалған 25 жастағы Гудың жағдайы жақсы. Ол: «Қозғалтқыштардың бірінен түтін шығып, содан кейін қозғалтқыш жарылды» деп хабарлады.

- Осы әуе кеме және экипаж мүшелері туралы қандай ақпарат бар?

- Jeju Air өкілі апатқа ұшыраған Boeing 737-800 ұшағының 15 жыл бойы пайдаланылғанын және бұрын ешқандай апаттық жағдайға ұшырамағанын хабарлады. Ұшақ капитанының 6823 сағат ұшу тәжірибесі бар, ол бұл қызметте 2019 жылдың наурызынан бері жұмыс істеп келеді. Екінші ұшқыштың 1650 сағат ұшу тәжірибесі бар және ол бұл қызметте өткен жылдың ақпанынан бастап істейді. Jeju Air компаниясы Бангкок пен Муан арасында аптасына төрт рет тұрақты рейстер орындаған. Бұл рейстер негізінен чартерлік болған және жолаушылардың көпшілігі Таиландта католиктік Рождествоны атап өтуге барған. 

- Апат себептері анықталды ма?

- Куәгерлер ұшақ қонуға жақындаған кезде оң жақ қозғалтқыштан жалын шығып, айналасында құстар ұшқанын айтты. Апат алдында жолаушылардың бірі туысымен хат алмасқан. Онда: «Қанатқа құс кептеліп қалды, қона алмай жатырмыз» делінген. 41 жастағы Ю Чжэ Ён оң қанатта ұшқын пайда болғанын көргенін мәлімдеді. «Мен ұшақтың ақауы бар екенін айтып, отбасыммен сөйлесіп жатқанымда қатты жарылыс естідім», – деді ол. Басқа куәгер Чо әуежайдан 4,5 шақырым жерде жүргенде апатты көргенін айтты. «Мен ұшақтың қонуға жақындағанын көрдім, бірақ жарықтың жарқылын байқадым», – деді ол. «Содан кейін қатты дауыс естілді, артынан түтін көтерілді және бірнеше жарылыс болды». Муан халықаралық әуежайының жанында ірі қорғалатын сулы-батпақты алқап орналасқан. Бұл жер жыл құстарының аялдау  орны ретінде белгілі. Атап өтейін, Муан әуежайында ұшу-қону жолағын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқан еді. Жоспар бойынша құрылыс келесі жылы аяқталуы тиіс. Ұшу-қону жолағының ұзындығы 2,8 км, бұл Инчхон әуежайының (3,7 км) және Кимпхо әуежайының (3,6 км) жолақтарынан қысқа. Осыған байланысты сарапшылар апатты жағдайларда бұл ұзындық жеткіліксіз болуы мүмкін деген пікір білдірді. Алайда Көлік министрлігі бұл апаттың ұшу-қону жолағының ұзындығынан болғанын растау қиын екенін, өйткені ұқсас өлшемдегі басқа ұшақтар мұнда сәтті қонғанын мәлімдеді. Министрліктің хабарлауынша, осы апатқа байланысты Муан әуежайының ұшу-қону жолағы 25 жылдың 1 қаңтары таңғы 5-ке дейін жабылды.