Оңтүстік Корея президентін қамауға алу ордері берілді

Оңтүстік Кореяда Сеул соты президент Юн Сок Ёльді қамауға алып, тінтуге ордер берді. Бұл ел тарихында бұрын-сонды болмаған жағдай. Бұған Мемлекет басшысының тергеушілердің 3 рет шақыртуына немқұрайлы қарап, бармай қоюы себеп. Осыдан кейін тергеу тобы ережеге сай соттан оны қамауға алуға рұқсат беруді сұраған. Енді олар бұйрықты 48 сағат ішінде орындай алады.

Бірақ президенттің жақтастары бұған қарсылық танытып, ереуілге шығып жатыр. Юн Сок Ёль желтоқсанның басында саяси қарсыластарымен күрес мақсатында елде әскери жағдай жариялаған еді. Бірақ бұл шара бүлікке теңеліп, мемлекет басшысына импичмент жарияланды. Қазір президент міндетін вице-премьер атқарады.

Чхан-Хо, Сеул тұрғыны:

- Юн Сок Ёль ескертулерді елемей, жауап алуға келмей қойды. Сондықтан қамауға алынса, дұрыс болар еді. Оның әскери жағдай жариялауы – заңсыз шешім. Негізі Президент сол кезде қамауға алыну керек еді ғой.