Өзбекстанда діни ғұламалар ысырапшылдықпен күресуге шақырды

Өзбекстанда діни ғұламалар кеңесі үйлену тойы, ас және отбасылық мерекелерді өткізу үшін шамадан тыс шығындалуға тыйым салды. Оның орнына артылған қаржыны мұқтаж жандарға таратып, сауап алу бастамасы айтылды. Бұл туралы елдің бас мүфтиі Нуриддин Холиқназаров өзбекстандықтарға жолдаған үндеуінде хабарлады.

Ол кейінгі жылдары Меккеден оралғандардың құрметіне кең дастарқан жайып, той өткізу дәстүрге айналғанын алға тартып сынады. Өзбекстан бірер жыл бұрын той реформасын жүргізуді қолға алған еді. Бірақ бастама аяқсыз қалды. Қазір елдің діни басқармасы жастардың жат ағымға ермеуін қадағалауға көшкен. Былтырдан бері оларға арабтың емес, өзбек ұлттық киімін кию ескертіліп келеді.

Нуриддин Холиқназаров, Өзбекстан мұсылмандары басқармасының төрағасы:

- Мұсылман болсаңыз, арнайы киім кию қажет деген талап жоқ. Ислам бүкіл адамзат баласына ортақ. Арабтардың, түркілердің, өзбектердің әрбіріне тиесілі өз киімі бар. Біздің ұлық дініміз ұстамдылыққа тәрбиелейді. Соның ішінде дұрыс киім киіюге де үйретеді. Тым ашық-шашық немесе араб әйелдері секілді қап-қара, бет-әлпетті толық бүркемелеп киінуге де болмайды. Қажет, тыйым салынған жерлерді ғана жауып жүру керек.